Фото: Караван
Қазақ халқының байырғы салт-дәстүрлері туралы этнограф Ақеділ Тойшанұлы Qalam YouTube арнасына берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Маманның айтуынша, жеті шелпекті пісіру дәстүрі ислам дінінің шарттарына қайшы келмейді және қазақтың береке-бірлігін, татулығын білдіреді.
«Жеті шелпек – ата-бабаларымыздан келе жатқан бірлік пен берекенің белгісі. Бұл – бір нанды бөліп жеп, ортақ дастарханнан дәм тататын қазақтың ежелгі әдеті. Біз жеке тамақ ішпейтін, дастарханы ортақ халықпыз. Бұл дәстүр ата-бабаларымыздың алдында ұстанған салтының көрінісі. Бірақ қазір кейбіреулердің тәрбиесі әлсіреп, дәстүрден алшақтап бара жатқаны өкінішті. Осы салттарды сақтап, қазақ болып қалуымыз керек. Дәстүрден адасқандар Сирияға барып, соғысқа қатысып, энергиясын босқа шашып жүр. Ал сол күш-қуатты қазақты дамытуға, спортқа, өнерге, кен орындарына жұмсаса, тауды қопарып тастайтын батыр ұл-қыздарымыз бар. Алайда шетелден келген идеологияларға алданып, өз дінінен, ділімен ажырап қалғандар да жоқ емес. Сондықтан өз дініміз бен дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет», – дейді этнограф.
Қазақта бата беру дәстүрі: Кімдер бата бермейді?
Этнограф қазақ халқының бата беру дәстүріне де тоқталып, оның ерекшеліктерін түсіндірді. «Қазақта әйелдер мен күйеу балалар бата бермейді. Күйеу бала жасы қаншаға келсе де, төрде отыруға құқығы жоқ. Қартайғанда ол жезде атанады, бірақ әулеттің қожайыны бола алмайды. Күйеу бала ақсақал болып бата бергенше, жезде ретінде еркелеп жүргені абзал. Келіндер де бата бермейді. Әкесі тірі адамдар бас мүжімейді, бата бермейді. Тек әкесі қайтыс болғаннан кейін ғана бата беру міндеті жүктеледі. Кейде құрдастар арасында әзіл ретінде бата бергізіп, мазақ ететіндер бар. Мұндайда ‘Көп кешікпей әкеңді жоғалтасың’ деп айтылады. Ал әжелеріміз ер адамдар болмаған жағдайда ғана бата берген. Дастархан басында 13 жасқа толған бала болса, бата беру тапсырмасы соған жүктеледі. Егер кішкентай ұл бала ұйықтап жатса, аналарымыз оның үстінен аттамаған. Себебі ер азаматтың киесі ұрады деп есептелген. Бұл – ерлерді сыйлаудың белгісі», – деп түсіндірді Ақеділ Тойшанұлы.