АҚШ-тың жеті беделді университетінен шақырту алып, жалпы сомасы 320 миллион теңгенің грантын ұтып алған 11 сыныптың түлегі жетістікке жету үшін соңғы үш жылда тынымсыз дайындалған. Алматы облысының Боралдай кентінде орналасқан №39 гимназияның 11 сынып оқушысы Сақийдулла Алмат Todayinfo ақпараттық агенттігіне өмір тарихы мен жетістікке жету жолындағы ұйқысыз түндерін айтып берді.
Алмат үйдің үшінші баласы. Әке-шешесі тарихи отандарына Қарақалпақстаннан көшіп келген. Алмат жастайынан зерек болған және оның алғырлығы әкесіне тартқан. Тіптен Алмат бірінші сыныпқа барғанша мыңға дейін еркін санауды білген. Анасы Айгүл Берденованың сөзінше, 6 жастағы ұлы дүкендегі сатушы есептеуіш құралы арқылы ақша қайтарғанша, Алмат ойша есеппен дәл шығарып тұратын болған.
«Төрт балам бар. Жолдасым 2018 жылы қайтыс болып кетті. Ол кезде Алмат он жаста еді. Алматтың әкесі информатика мамандығы бойынша бакалавр мен магистр дәреждесінің дипломын, кейін заңгерлік диплом алған зерек адам еді. Полиция сапында қызметте болды, өте білімді, мәдениетті адам болған. Ұлым сол әкесіне тартқан зерек болды. Бірінші сыныптан бастап есепке, математикаға алғырлығымен көзге түсті. Оны білген мұғалімі басқа балалардан бөлек есеп беретін», — деді Алматтың анасы Айгүл Берденова.
Алмат Америка ғана емес, Малайзиядағы Xiamen University Malaysia оқу ордасының да грантын иемденген. Болашақ студент білімге деген ынтасы мен қажырлы еңбегінің арқасында University of Miami, Elmhurst, Caldwell, Augustana, UNO, FIU және басқа да оқу орындарынан оқуға ұсыныс алды. Екі жыл ағылшын крусын оқып, IELTS нәтижесі бойынша – 7.0, ал SAT – 1420 балл (оның ішінде математикадан – 780/800) жинаған.
Анасының сөзінше, ұлы шетелде оқуды 9 сыныпта толық шешіп қойған. Ол орта оқуды қызыл дипломмен бітірген соң, балалықты тастап, үлкен мақсаттарға жоспар құырып, ізденісті бастаған.
«Ұлым 1- сыныпқа бармай тұрып мыңға дейін еркін санап, есеп шығаратын. №39 гимназияға барғанда Гүлнәр Одаманова деген математик апайына табыстадық. Алматтың білімге құштар болуына алдымен себепкер болған марқұм әкесі – Тимур Сұлтанов. Себебі, ол балаға кішкентайынан мақтап, мадақтап, көп мотивация беретін. «Балам компьютер, болашағы жарқын, осы балам өте ақылды» деген сөздерді көп еститінмін», — деді бүгінде республикаға танылған түлектің анасы.
Алмат Сақийдулла — «Алтын белгіге» үміткер оқушының бірі. Алайда ол сабақты өте жақсы оқу үшін бүкіл әлеуметтік желілерді телефонынан өшіріп, таңғы сағат беске дейін кітап оқып, есеп шығарған. Өзі 5 сыныпқа көшкенде әкесінен айырылса да, сабаққа деген құлшынысын тоқтатпаған. Керісінше жауапкершілікті арттырып, намысқа тырысқан. Ол өзінің ойы басқаға бөлініп, әкесіз, қорғансыз қалғанын білдіртпеуге туған ағасы мен анасының көп еңбектенгенін айтады.
«Көңіл күйім бір қалыпты, аса бір қуанып тұрғам жоқ. Себебі, осы жолда қаншама жыл дайындалған соң, бұл мен үшін жаңалық емес. Тек үлкен мақсаттарымның бірі ғана. Болашақта шығатын шыңдарымның ішіндегі ең кішілерінің бірі ғана. Жолдың бір бөлігі, сондықтан аса қатты қуанып жатырмын деп айта алмаймын. Бұл арманға, жетістікке жетуіме себекер болған әкем марқұм, мотивацияны әкем беретін маған. Осы жолғы жетістігімді әкеме, әкемнің рухына арнаймын. Ең көп қолдау көрсеткен анам мен көкеме (туған ағасы) рахмет. IT мамандығын таңдап отырмын, соның ішінде екі тармағын таңдаймын, себебі мен сол бойынша болашақты көрем, елестетем. АҚШ бойынша айтсам, Дональд Трамп студенттік визаға шектеу қойып тастады, сондықтан әлі ойлану үстіндемін», — деді агенттік тілшісіне берген сұхбатында Алмат Сақийдулла.
Дарынды, ізенімпаздығымен көзге түскен түлек спортпен де жиі айналысқан. Сабаққа дайындықты алдын ала бір айға жоспарлап оқуды дағды қылыпты.
«Бір айға жоспар құратын, жеке бөлмесін дайындап бердік. Алматтың үлкен ағасы мен әпкесі бар. Екеуіде студент. Төртінші балам 8 сыныпқа өтуде. Алмат спортпен де жақсы айналысты, жекпе жектен спорт шебері. Ұлым 10 сыныптан бастап шетелдің университеттерін өзі іздеп, сол оқу орындарына құжаттарды, талаптары бойынша жетістіктерін жіберіп отырды. Өзі ізденді. 10 сыныпты қаладағы ақылы мектепте оқыды. Ол жақтағы балалардың деңгейін, дайындығын біліп, жарысып көрмекші болды. Солай қалада бір жыл оқыды. Сосын биыл өзі оқыған гимназияға ауысып келді. Менің үйреткенім, «әрқашанда үлкендерді тыңдап, сосын соңғы шешімді өзінің қабылдауы» туралы болды. Әжесі, ағалары әкесін жоқтатпай қолдау көрсетті», — деді биология пәнінің мұғалімі Айгүл Мийрханқызы.
Автор: Әмірболат Құсайынұлы