Жетісу облысының Жаркент қаласындағы №74261 әскери бөлімінде күтпеген оқыс оқиға тіркелді – инженерлік қызметтің басшысы, капитан Дәулет Нұрланұлы жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Офицердің денесін қаруластары түнде тауып алған, бірақ жедел жәрдем келіп жеткенше, офицерге көмек көрсету мүмкін болмады.
Фото: egemen.kz
Оқиғаның толық мән-жайы
Журналистер таратқан мәліметке сәйкес, капитанды қатардағы жауынгерлер ұстап алып, оның қол-аяғын байлап, айдалаға тастап кеткен. Мұндай өрескел әрекетке үш жауынгердің барлау-шабуылдау бригадасының командирінен бұйрық алғаны туралы дерек пайда болды. Бұл ақпарат оқиғаның жай ғана тәртіп бұзушылық емес, әдейі ұйымдастырылған шабуыл болуы мүмкін деген күмән туғызуда.
Тергеу барысы және қоғамның алаңдаушылығы
Жаркент әскери бөліміндегі бұл қайғылы оқиға қоғам назарында. Әскердегі жағдайды жасыру әрекеті орын алуы мүмкін деген күдік бар. Кейбір мәліметтерге сәйкес, капитанның өлімі «диверсиялық топтарға қарсы жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде орын алды» деп көрсетілген. Әзірге бұл қасақана кісі өлтіру ме, әлде басқа жағдай ма екені белгісіз.
Әскердегі қылмыс мәселесі қоғамда үлкен резонанс тудырып, әскер ішіндегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселелері жөнінде сауал туғызуда.
«Әскердегі бұл оқыс жағдайды жуып-шаюға тырысып жатқан сияқты. Себебі капитан Дәулет Нұрланұлы диверсиялық топтарға қарсы жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде көз жұмды деген мәлімет таралуда. Бұл қасақана кісі өлтіру ме, әлде абайсызда болған қылмыс па оны тергеушілер анықтауы тиіс», — деді Диас Нұрақын.