Тұмау – әлемде кең таралған, вируспен шақырылатын жіті респираторлық вирустық инфекция.
Инфекция жұқтырғаннан бастап аурудың алғашқы белгілері білінгенге дейін бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылады (орташа есеппен 2-4 күн).
Тұмауға тән белгілер:
— дене қызуының жоғарлауы;
— жөтел;
— бас ауру;
— әлсіздік;
— бұлшық еттер мен буындардың ауруы;
— тамақ пен мұрынның қабынуы.
Сырқаттанушылықтың көтерілуі қарашадан басталып, қаңтар, ақпан айларында шарықтау шегіне дейін жетеді.
2024-2025жж. эпидемиялық кезеңде зертханалық дәлелденген тұмау жұқпасының 6 жағдайы тіркелді ((А (H1N1 (09-pdm — 2, В тұмауы -4)). Былтырғы эпидкезеңмен салыстырғанда тұмау жұқпасы 9 жағдайға төмендеген.
ДДҰ эпидемиологиялық және зертханалық деректерді ескере отырып алдағы күзгі-қысқы маусымда A/H3N2 және A/H1N1/pdm09 типті вирус субтиптерінің параллель айналымы және В вирусының қосылуы болады деп болжады.
Ең тиімді тұмаудың алдын алудың жолы – вакцинация. Жетісу облысы бойынша жергілікті бюджет есебінен жоспарланған тұрғындардың барлығы 100% қамтылды. Жұмыс берушілердің есебінен 200 адам егілді. Жалпы облыс халқының 82167 егілді, қамту 12%.
«Айта кету керек, тұмауға қарсы жыл сайын қауіпті топтарға: 2,3-триместрдегі жүкті әйелдер, медициналық қызметкерлер, жиі ауыратын балалар, созылмалы аурулары бар ересектер, жабық ұйымдардың контингенті жатады. Арнайы емес алдын алу шараларын да естен шығармауымыз керек: дәрумендер ішу, тиімді тамақтану, сұйық тағам түрлерін молынан пайдалану, үй-жайларды жиі желдету, жеке бас гигиенасын сақтау (жиі қолды сабынмен жуу), түшкіріп, жөтелген кезде ауызды/мұрынды бет орамалмен жабу, бетперде қолдану, халық тығыз орналасқан жерлерге бармаған дұрыс», — дейді Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары Индира Кунбасова.