Бүгінде Жетісу облысы бойынша көкжөтелдің 176 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққанда сырқаттанушылық көрсеткіші 26,9%. Көкжөтел сырқаттанушылығы тамыз айынан бастап төмендеп келеді.
Сырқаттанушылық облыстың барлық аудандары мен қалаларында тіркелді. Жоғары деңгейі Талдықорған қаласында (124 жағдай/56,9) және Сарқан (11жағдай/31,1) ауданында.
14 жасқа дейінгі балалардың үлесі 99,4% (175 жағдай).
Аймақ бойынша расталған жағдайлардың 87% (153) бұрын көкжөтелге қарсы бірде-бір екпе алмаған.
Айта кетейік, Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балалардың 2,3,4,18 айында және 6 жасында көкжөтелге қарсы екпе жүргізіледі.
Көкжөтел ең жұқпалы аурулардың бірі. Науқаспен байланыста болған кезде сезімтал адамдарда ауру 90-100% жағдайда дамиды. Ауруы өте ауыр өтеді.
«Бактериялық пневмония, бронхит, плеврит, синусит, отит, мұрыннан қан кету, құрысу, бас миының зақымдалуы, дамудың тежелуі сияқты асқынуларға әкеледі. Ауру әсіресе ерте жастағы балаларға қауіпті, ұстамалы жөтел тыныс алудың тоқтауына әкеліп, өлім жағдайы орын алуы мүмкін. Ұстамалы жөтел кезінде антибиотиктер тиімсіз. Көкжөтелден өлім-жітім 1%, вакцина алмағандар арасында 4-9% дейін жетеді. Балаларды көкжөтелден қорғау үшін уақытымен екпе жасату қажет», — дейді Жетісу облысы СЭБД басшысы Асхат Сәкенұлы.
Облыста көкжөтелге қарсы егілмегендердің иммундық мәртебесіне ревизия ұйымдастырылып, толықтыра иммундау жұмыстары жүргізілуде (иммундық мәртебесі белгісіз және бұрын екпе алмаған 3550 адам егілді).
Егер 18 жасқа дейінгі балаңыз көкжөтелге қарсы екпе алмаған болса, міндетті түрде екпені алу қажет.
Көкжөтелден баланы қорғаудың ең тиімді жолы – вакцинация екенін ұмытпаңыздар.