Фото: Жетісу облысы әкімдігі
Жетісу облысында шекаралық аймақтар – Алакөл және Панфилов аудандарын электрмен сенімді жабдықтау мақсатында жоғары вольтты әуе желілері мен қосалқы станцияларды салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыру басталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Бірінші кезеңде биыл «Ақши» қосалқы станциясы мен ұзындығы 56,8 шақырым 110 кВ электр желісі салынды. Соның нәтижесінде жазғы шомылу маусымында энергиямен жабдықтауда үзіліс болған жоқ. Ал екінші кезеңде жаңа «Көктұма» қосалқы станциясын және «Ақтоғай» қосалқы станциясына дейінгі 220 кВ 204 шақырым электр желісін салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Жаркент-Қорғас агломерациясын дамыту үшін «Талдықорған-500» қосалқы станциясынан «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА-ға дейін ұзындығы 250 шақырым 220 кВ электр желісін салу жоспарда бар.
Биылғы жылы жалпы қуаты 34,6 МВт болатын екі су электр станциясының құрылысы жүргізілуде.Сондай-ақ осы жылы жеке инвестициялар есебінен Текелі, Талдықорған қалаларында жалпы қуаты 73 МВт болатын екі газ турбиналық станцияның бірінші және екінші кезеңдерін іске қосу басталды.Осылайша 2025 жылдың соңына қарай өңірдегі электр энергиясының қуаты шамамен 300 МВт-қа жетеді. Сонымен қатар 2028 жылға дейін қуаты 133,7 МВт, құны 114 млрд. теңге болатын тағы 8 су электр станциясының құрылысы жоспарланған.
Электр желілерінің тозуын төмендету бағытында да бірқатар шаралар қабылдауда. Бұл ретте «Облыста 13,8 мың шақырым электр тарату желілері мен 2,6 мың қосалқы станциялар бар. Электр желілері мен жабдықтардың 90%-дан астамы «ТАТЭК» АҚ-ы өңірлік электр желілік компаниясының жеке меншігінде. 2023-2024 жылдары «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде 140 шақырым электр желісі мен 7 қосалқы станция жаңартылды. 2025 жылы бекітілген инвестициялық жоспар аясында 146,8 шақырым электр желісі жаңартылады. Оған қоса Энергетикалық секторды жаңғыртудың ұлттық жобасы аясында «ТАТЭК» АҚ-ы 2026–2029 жылдар аралығында 1155 шақырым желі мен 6 қосалқы станцияны жаңартуды жоспарлап отыр, бұл өңірдегі желілік жабдықтардың тозуын 49,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — делінген басқарманың хабарламасында.
Электр энергетикасы саласын цифрландыру да назардан тыс қалған жоқ. Бүгінгі таңда Талдықорған қаласында абоненттерді электр энергиясын автоматтандырылған есепке алу жүйесімен қамтамасыз ету деңгейі 49%. Алдағы жылы 34 мыңнан астам интеллектуалды есептеу құрылғысын орнату жоспарланған, бұл облыс орталығын толық жабдықтауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта «ТАТЭК» АҚ 4,3 млрд. теңге көлемінде инвестиция салуды жоспарлап отыр. Аталған шара электр энергиясын тұтынуды есепке алудың дәлдігі мен ашықтығын арттыруға, шығындарды азайтуға және абоненттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, өңірдің энергетикалық нысандарының қазіргі жалпы қуаты 191,4 МВт.

