Фото: видео скриншот
Жиналыс кезінде бейәдеп сөздер қолданған Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов даулы жағдайдан кейін тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
«Облыстық әдеп жөніндегі кеңестің отырысында бұл мәселе қаралып, кеңес мүшелерінің басым көпшілігі қатаң сөгіс түріндегі жаза қолдану туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ облыс әкіміне тиісті шара қабылдау жөнінде ұсыныс жолданды.Бұған дейін шенеунік көпшілік алдында кешірім сұраған болатын. Ал бүгін кеңес отырысында өз қателігін мойындап, онлайн жиналысқа қатысқан әріптестерінен тағы да кешірім өтінді», – делінген әкімдіктің хабарламасында.
Ресми мәліметке сәйкес, аталған қызметкер 18 жыл бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп келеді және бұл оның алғаш рет тәртіптік жазаға тартылуы.
Әкімдік өкілдері қызметкердің мас күйде болғаны туралы тарап жатқан пікірлерге де түсініктеме берді. Айтуларынша, ол “ІІ типті қант диабеті” диагнозымен есепте тұр, бұл сырқат оның физикалық жағдайына әсер етуі мүмкін. Шенеунік өз сөзін растау үшін медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға дайын екенін білдірген.
“Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ашықтық, мемлекеттік қызметтегі әдеп пен заң талаптарын бұзушылыққа мүлде төзбеушілік қағидатын берік ұстанады. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер қатаң түрде заңнама талаптарына және объективтілік қағидаттарына сәйкес жүргізіледі”, – делінген хабарламада.