Төтенше жағдайлар министрлігінің «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің Шығыс Қазақстандағы филиал басшысы үш жылға сотталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz
Өйткені ол өзінің өкілеттілігін асыра пайдалана отырып, алаяқтық жасаған. Дәлірек айтсақ ол бір азаматты филиалға өтірік негізде жұмысқа алған. Бірақ, әлгі адам филиалда бір де бір қызмен атқармай, жалақы алып, оны әлгі филиал басшысының қолына ұстатып отырған.
«Жұмысқа тұрған азамат зейнетақы қорына түскен қаражатын қосқанда, 2 734 881 теңге көлемінде заңсыз жалақы алған», — деп хабарлайды Өскемен қаласының №2 соты
Сотта филиал басшысы кінәсін мойындаған. Жоқ жанға жалақы аударып отырған кіші шенеунік бәрібір сотталып кетті.
«Кінәлінің жеке басын, оның кінәсін толық мойындауын, шын ниетпен өкінуін, сондай-ақ келген залалды толық өтеуін ескере отырып, сот оны мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 3 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», — деп хабарлайды соттың баспасөз қызметі.