Фото: коллаж Todayinfo
Астанадағы құрылыс нысандарының бірінде қайғылы жағдай тіркелді. «КазПолимерСтрой» компаниясының жұмыс алаңында 17 жастағы жасөспірім бетон плитаның астында қалып, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ол сол күні алғаш рет жұмысқа шыққан. Жасөспірім ақша табу үшін траншея қазуға барған. Алайда жұмыс барысында бетон плита құлап, оны басып қалған.
— Балам сол күні алғаш жұмысқа шыққан еді. Бір тиын табайын деп барған. Ал енді міне… ешқашан қайтып келмейді, — дейді көзіне жас алған анасы.
Марқұмның туыстары оқиғаның мән-жайына күмәнмен қарап отыр. Олардың сөзінше, сол кезде КамАЗ жүргізушісі мен кран операторларының бірі есірткі әсерінде болған.
— Бізге келген куәгерлер сол күні кейбір жұмысшылардың мас күйінде болғанын айтты. Егер бәрі ереже бойынша істегенде, балам тірі болар еді, — дейді анасы.
Полиция департаменті бұл дерек бойынша тергеу басталғанын хабарлады.
«Құрылыс алаңындағы еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай анықталуда», — делінген ведомство хабарламасында.
Қайтыс болған жасөспірімнің туыстары кінәлілердің жазасыз қалмауын және оқиғаға жауапты тұлғалардың барлығын тергеуге алуды талап етіп отыр.