Екібастұзда салынуы жоспарланған жаңа көмір электр станциясы – ГРЭС-3 құрылысына негізгі үміткер ретінде қытайлық GCL Technology және қазақстандық Integra Construction KZ компаниясынан құралған консорциум аталып отыр.
Integra Construction KZ компаниясының бенефициары – Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмурат Муталипов.
Тендер үш рет өтпеді, бірақ «жеңімпаз» анықталуы мүмкін
Энергетика саласының аналитигі Нұрлан Жұмағұловтың Energy Monitor телеграм-арнасына сілтеме жасаған сарапшылардың айтуынша, қуаттылығы 2,64 ГВт және құны 3 триллион теңгеден асатын жобаның тендері үш рет жарамсыз деп танылған.
Алайда соңғы тендерде GCL & Integra Energy Ltd барлық талаптарға сай болғанымен, екінші қатысушы – «Сан Мир Астана» банктік кепіл ұсына алмаған.
«Енді Энергетика министрлігі компанияны тендердің жеңімпазы деп танып, үкіметке келісімшарт жасау туралы ұсыныс енгізуі керек», — дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Электр тарифі есебінен шығын өтелмек
Алдын ала мәлімет бойынша, консорциум ГРЭС-3-ті салу құқығын ұзақ мерзімді электр тарифі есебінен инвестицияны қайтару шартымен алуы мүмкін. Яғни, мемлекет тариф арқылы табыстылықты кепілдендіреді.
Қаржыландыру қайдан?
GCL Technology – Қытайдағы таза энергия саласының ірі ойыншысы, алайда ҚХР шегінен тыс көмір жобаларын қаржыландыруға құқығы жоқ.
Сол себепті сарапшылар жобаның қайда тіркелгеніне назар аударады — Кайман аралдарындағы офшор деген ақпарат бар.
Болжам бойынша, қаржыландыруға Ұлттық қор немесе ЕНПФ (зейнетақы қоры) қаражаты тартылуы мүмкін.