Туннельді қазақша атаудың жолы табылды. Ата-бабаларымыз оны баяғыда қолданған, деп хабарлайды Todayinfo агенттігі.
Белгілі тарихшы-шежіреші Мүбарак Қизатұлы туннель атауын қазақшалаудың жолын тапты. Оның сөзінше, қазақ туннель сөзінің баламасын баяғыдан қолданған.
«Ер-тұрманды көріп отырсыз ба? Оның астындағы туннельден аумайтын қуысты да?
Оның атауын шамалап отырған боларсыз. Ердің астындағы мұндай туннельді біз «оқпан» дейміз. Сондықтан, туннельге қазақша «оқпан» деген балама беруге болады. Шет тілден енген терминдерді қазақшалағанда ұғымсыз атаулар ойлап тауып қиналып әуре болып отырмай ұлттық заттарымыздан ұқсастық іздеп, лайықты атауды тез тауып алуымызға болады», -деп жазды ол.
Ол оқпан сөзі қолданылып жүргенін, алайда орынсыз жерде айтылып жүргенін еске салды.
«Бұған дейін терең қазылған кендерге түсіп-шығатын жолды «оқпан» деп атап, оны қолданысқа енгізіп те жіберген болатын. Алайда, ол оқпан емес, терең қазылған шыңырау еді. Сондықтан, оны «оқпан» деп алмай, «шымырау» немесе «шыңырау» деп алған әлдеқайда тиімді болар еді.
«Оқпан» сөзінің этимологиясын түсіндіре кетейік. Уақтардың ескі уақытта «Оңғ», көпше түрде «Оңғыт» деп аталғанындай, мұндағы «оқ» сөзі үңгір, ұңғу сөздерірің негізі болып тұрған «үңг, ұңғ» сөзін білдіреді. Ал, оған жалғанған «пан» сөзі тау түбінен қазылған апанды білдіреді. Түркі тілінің терең ықпалында болған қытайларда апаннның «паң» деген нұсқасы сақталған. Міне, осы «оқ(үңг, ұңғ)» пен «пан(апан)» сөздері қосылып «оқпан» болып отыр», -деп жазды Мүбарак Қизатұлы.
Фотоколлаж: Todayinfo