Фото: AkiPRess
Қырғызстан ҰҚМК 24 қыркүйекте «Чалдовар — автодорожный» бақылау-өткізу пунктінде тұрақты жемқорлық схемасы анықталғанын хабарлады, деп жазады Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
ҰҚМК дерегінше, салық қызметінің өкілдері, шекара әскерилері, Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ветеринарлық және фитосанитарлық инспекция қызметкерлері, сондай-ақ Көлік министрлігі жанындағы салмақ-бақылау инспекторлары алдын ала келісімге келіп, заңсыз тауар әкелуді ұйымдастырған.
Бұл іске делдалдар («толкачтар») тартылып, ірі жүк көлігін өткізу үшін жүк иелерінен 1500–2000 АҚШ доллары алынған. Тауар көлемі мен құны жалған құжаттар арқылы азайтылып көрсетіліп отырған. Заңсыз операциялар арнайы құрылған «ТД Жорго» және «Радиант» компаниялары арқылы жүргізілген.
Түскен қаржының бір бөлігі мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне жүйелі түрде пара ретінде берілген. Әр қызметкер орта есеппен 5000–7000 сом үлес алған. Бір күнде бекеттен шамамен 80 мың сом заңсыз ақша жиналғаны анықталды.
18 қыркүйекте жүргізілген арнайы операция кезінде Н.Ж. мен Э.Т. есімді азаматтар ұсталды. Тергеу барысында олардың қылмысқа тікелей қатысы бары дәлелденді. Іс материалында 7 салық қызметкері, 6 шекарашы, 7 фитосанитарлық инспектор және 4 салмақ-бақылау қызметкері бар екені көрсетілген.
Сондай-ақ Чалдовар ауылдық кеңесінің депутаты Ш.у.К. және тағы бірнеше азамат күдікті ретінде танылды.
ҰҚМК бұл схема арқылы мемлекет бюджетіне миллиондаған сом шығын келгенін хабарлады. Бұдан бөлек, «Ак-Жол» және «Ак-Тилек» сияқты басқа да өткізу бекеттерінде ұқсас жағдай болуы мүмкін екені айтылды.
ҰҚМК төрағасы Камчыбек Ташиев кеңес өткізіп, барлық кінәлілерді қызметтен босатуды, олардың мүліктеріне арест қоюды және толық тергеу жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ мемлекеттік органдардағы кадрлық саясат пен жемқорлыққа қарсы іс-шараларды күшейту қажеттігін ескертті.