Ауғанстан мен Пәкістан арасында қарулы шайқас басталды, деп хабарлайды Todayinfo кабулдық басылымға сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, жергілікті дереккөздер тәліптер мен Пәкістан армиясы арасында кең ауқымды қарулы қақтығыстар болғанын растаған. Қақтығыстар негізінен Кунар, Нангархар және Гельменд провинцияларында жүріп жатыр.
Алдын ала ақпарат бойынша, кемінде бес пәкістандық әскери қаза тапқан. Пәкістанның шекарадағы бірқатар бекеттері тәліптердің бақылауына өткен.
Гельменд провинциясының Бахрамча ауданында Пәкістанның бір шекара посты құлаған. Сонымен қатар, Кандагар провинциясының Шорабак ауданында да атыс басталғаны айтылған.
Бұған дейін халықаралық ақпарат құралдары Пәкістанның Әуе күштері Ауғанстан аумағына бірнеше әуе соққы жасағанын жазған. Нысаналар арасында Пактика провинциясы мен Кабул қаласы болған. Ал бұл шабуылдардың бірінде пәкістандық талибтердің жетекшісі Нур Вали Мехсуд нысанаға алынған деген ақпарат тараған.
Айта кетейік, Дюранд сызығы — Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы тарихи шекара, алайда Кабул оны ресми түрде мойындаған жоқ. Шекара бойындағы жағдай соңғы жылдары жиі шиеленісіп келеді.
Фото: timesofindia