Түркістан облысында отандық жөргектер шығарыла бастады. Отандық өнім Қазақстан бойынша ғана емес, бірнеше елге де экспортталып жатыр, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігнің тілшісі.
Кәсіпорын Сайрам ауданындағы Ақсукент ауылында орналасқан.Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді және баламасыз қазақстандық жөргектер «Алтын бала» және «SimboBaby» атауымен шығарылып жатыр. Зауытқа қажетті шикізат Қытай, Түркия, Германия, АҚШ елдерінен тасымалданады. Кәсіпорын минутына 600 данаға дейін жөргек шығаруға қауқарлы. Қазіргі таңда күніне 180 мың дана жөргек дайындалып, республика көлемінде ғана емес Моңғолия, Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанға да экспортталып жатыр.
Өндіріс орны толық қуатқа ие болса жылына 500-600 миллион жөргек шығаруға мүмкіндік алмақ. Инвестор өз өнімдерін ЕАЭО және ТМД елдеріне экспорттауды жоспарлап отыр. Бұл отандық экспорттың дамуына қосымша серпін береді.
«SimboBaby» жөргегіне тоқталатын болсақ, оның ерекшелігі сол, жөргекке ең жоғары сападағы шикізат қосылады. Негізі 1 жөргекке 14 түрлі материал қосылады. Соның 14-і де ең жоғарғы әлемдік нарықтағы материалдар саналады. Бұл бастаманы ең әуелі түрік технологиясымен жасап, кейіннен жапондық технологияға көштік. Өндірілетін өнімдердің өзіндік ерекшеліктері бар»,-деді өндіріс орнының негізін қалаушы Баянсұлу Төрегелдіқызы.
Қазіргі таңда өндіріс орнында 60-қа жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың басым бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандар.
Кәсіпорын қызметкерлерінің айтуынша «Capable group» кәсіпорны әр сәбидің саулығы мен ананың тыныштығы бірінші орынға қояды. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді қазақстандық жөргектер қолжетімді нарықта сатылып жатыр. Қазіргі таңда зауыттан 5 түрлі жөргек шығады. Премиум сападағы «Алтын бала» жөргегінің кез келген өлшемі 5200 теңге болса, эконом санатындағы «SimboBaby» жөргектер 3800 теңгеден, ал Gigo жөргегі 2500 теңгеден.
«Жөргек шығару идеясы сәбиіме жақсы жөргек таңдаудан басталды. Осыған дейін пайдаланып келген шетелдік жөргектер қымбат және кейбірі сапасыз. Осылайша жөргектердің өндірісін, оның құрамын, шикізаттарды қайдан және қалай алуға болатынын зерттеп, зерделей бастадық. Көз жеткізгеніміздей осыған дейін елімізде бірде-бір жөргек шығарылмаған болып шықты. Әрине, қазақ нарығында жөргек болған, бірақ ол шетелде жасалған. Өз қажеттілігімнен туындаған пікір мен көпшлікі аналардың сұранысын талдай отырып осы іске құлшына кірісіп, тәуекел жасауға тура келді. Елімізде 5,5 миллионнан аса бала тұрса, олардың кем дегенде миллионы жөргек пайдаланады. Ал оларға орта есеппен күніне 5-6 данасы қажет. Зауытта шығарылған әр өнім арнайы лабораториялық тексерістен өтіп қана халыққа ұсынылады»,- деді Баянсұлу Төрегелдіқызы.
Редакция отандық өнімге халықтың көзқарасын білмек ниетте ақпараттық шолу жасап шықты. Нәтижесінде тұтынушылар да отандық тауарға алғыстарын жаудырып, дән ризалығын білдіруде.. Қолжетімді әрі сапалы жөргекті қолданған аналар «ылғалды жақсы сіңіреді екен», «Мен 2 ай болды алып, қолданғаныма. Ыңғайлы, иісі жоқ, аллергия, бөрту сынды жағымсыз әсер бермейді», «Өзгеріп кетпейді деп сенемін. Отандық өнім болғандықтан қолдап көрейік деген ниетпен алып бастап, кейіннен тұрақты тұтынушыға айналдық» деген пікірлерді жазуда.
Айта кетейік, Түркістан облысының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, Инвестицияларды тарту және экспортты дамыту жөніндегі өңірлік агенттігі және «Түркістан Инвест» компаниясының қолдауымен бірнеше ірі инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Жұмысы қарқынды жүріп жатқан инвестициялық жобалардың бірі – «Capable group» кәсіпорны. Инвестициялық жоба құны – 3 млрд. теңге. Аталған компания жүз пайыз қазақ инвесторына тиесілі. Өндіріс орнында 60 жаңа жұмыс орны ашылған. Зауыттағы жұмысшылардың 60 пайызы мүмкіндігі шектеулі жандар.
Автор: Мадина Жұмабайқызы