Фото: instagram.com
Республикалық және халықаралық деңгейдегі әнші-термешілер байқауларының жеңімпазы, танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева басындағы ауыр жағдайды айтты. Күміс көмей әнші өзінің ерекше әндерімен көрермен жанын жаулап алған. Алайда ол Түркістан облысындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармония басшысынан көрген қысым мен қорлық жайлы ашық мәлімдеді. Өнер иесі басшының арсыз әрекетін әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында бөлісті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Әншінің айтуынша, филармонияның қазіргі басшылығы оның жеке қадір-қасиетін таптап, өнерден әділетсіз түрде шектеуге тырысқан.
«Мені концерттен шеттетіп, «киімің жарамайды» деген сылтау айтты. Ұят болса да айтайын, «менің алдыма отыр, мен сені иіскеуім керек» деген мазмұндағы жиіркенішті сөздер естіп келемін. Бұл қорлыққа көнбедім, енді үнсіз қалмаймын», – дейді Наркенже Серікбаева.
«Махаббат құрмағаным үшін қысым көріп келемін»
Әншінің айтуынша, бұл бір реттік қысым емес, ұзақ уақыт бойы жалғасып келе жатқан жүйелі қудалау мен моральдық зорлық. Оның сөзінше, филармониядағы кейбір басшылар өнер иесін жеке басының қалауы үшін мансаппен қорқытқан.
«Махаббат құрмағаным үшін, шындықты айтқаным үшін ғана шеттетіліп келемін. Осы жолы үнсіз қалмаймын. Бұл тек менің басымдағы жағдай емес, қазақтың талай қызы осындай қорлық көріп жүр», – деді әнші ашынып.
Наркенже Серікбаева бұл үндеуін Түркістан облысының әкіміне тікелей жолдап, мәселені назардан тыс қалдырмауға шақырды. Оның айтуынша, басшылық ауысқанға дейін филармония ұжымы бұндай әділетсіздік көрмеген.
«Қаншама жыл бойы осы ұжымда жұмыс істедім. Бірақ соңғы екі басшы келгеннен кейінгі жағдай – шегіне жетті. Енді қайда баруым керек? Әкім мырза, бұл жағдайды қолға алыңыз!» – деді Серікбаева.