Алматы облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Іс-шараға 67 мыңнан астам тұрғын қатысып, өңір бойынша 1243 гектар жер тазартылып, 823 тонна қоқыс жиналды. Сонымен қатар 7 мыңнан аса ағаш отырғызылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпараттық агенттігі.
Акцияға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев те қатысып, мұндай бастамалардың қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы және адамдарды ортақ мақсатқа біріктірудегі маңызына тоқталды.
«Тазалық пен тәртіп қарапайым істерден басталады. Әркім бір тал ексе немесе айналасын тазаласа, бұл — туған жерге деген нағыз қамқорлықтың көрінісі», — деді өңір басшысы.
Облыстық штабтың мәліметінше, сенбілікке 134 техника бірлігі жұмылдырылған. Қатысушылар мыңдаған туранг, үйеңкі, жөке және терек ағаштарын отырғызды. Ал жиналған қоқыстар арнайы полигондарға жеткізілді.
Айрықша белсенділік танытқан топтардың бірі — арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері. Балалар ұстаздарымен бірге тал егіп, көшеттерді күтіп-баптау бойынша шеберлік сабағына қатысты.
«Маған ағаш отырғызған ұнады! Біздің ауламыз жасыл әрі әдемі болса екен деймін», — деді 11 жастағы Инкар есімді қатысушы.
Экологиялық шараға өңірдің бизнес өкілдері, өндіріс орындары және қоғамдық ұйымдар да белсенді атсалысты. 2025 жылдың басынан бері облыс аумағында 200-ден астам сенбілік өткізіліп, оған 600 мыңнан астам адам мен 8,8 мың кәсіпорын қатысқан. Нәтижесінде 8,7 мың тонна қоқыс жиналып, 80 мыңға жуық көшет отырғызылған. Сонымен қатар 55 саябақ пен сквер, сондай-ақ 3 мың көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды.
Қонаев қаласында да жаппай ағаш отырғызу жалғасуда. Мұнда 300-ге жуық көшет — терек, акация, катальпа және жөке ағаштары отырғызылмақ.
Айта кетейік, экологиялық акция ел көлемінде өтуде. Республикалық деңгейдегі ағаш отырғызу шарасына Қазақстан Президенті де қатысып, табиғатты қорғау мен қоршаған ортаның тазалығын сақтауда әр азаматтың жеке үлесі маңызды екенін атап өтті.