Мэриленд штатында орталықтың таныстырылымы өтті
АҚШ-тың Мэриленд штатында қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Мағауин атындағы Қазақ мәдени-ағарту орталығы ашылады. Бұл туралы Todayinfo ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақ әдебиеті мен тарихында өшпес із қалдырған Мұхтар Мағауиннің Силвер-Спринг қаласындағы үйі алдағы үш жылда рухани орталыққа айналмақ. Бұл бастаманы жазушының туған күніне орай ұйымдастырылған жиында оның ұлы Едіге Мағауин жариялады.
Орталықтың мақсаты қандай?
Жазушының мұрасын дәріптеу мақсатында құрылатын орталық қазақ мәдениеті мен тарихын шет елде насихаттауға бағытталады.
«Бұл жер болашақта қазақтардың бас қосатын, тамырын танитын, болашағын меңзейтін мәдени-ағарту орталығы болуы керек. Қазақ тілі курстарын ұйымдастыру, түрлі мәдени шаралар өткізу жоспарда бар. Әкемнің жаны сүйген бұл үй енді қазақ руханиятының орталығы ретінде қызмет етеді деп сенемін», – деді қаламгердің ұлы Едіге Мағауин.
Жазушының мұрасы мен мәдени шаралар
Орталықта Мұхтар Мағауиннің жазбалары, күнделіктері, жеке кітапханасында сақталған мұрағаттар жұртшылыққа қолжетімді болады. Жоба аясында:
- Қазақ тілі курстары,
- Әдеби кештер мен конференциялар,
- Тарихи-мәдени зерттеулер,
- Қазақ өнері мен дәстүрін дәріптейтін шаралар ұйымдастырылмақ.
Мағауиннің соңғы сапары
Еске сала кетсек, қазақ әдебиетінің алып тұлғасы Мұхтар Мағауин 2024 жылы 9 қаңтарда, 85 жасқа қараған шағында өмірден озды. Қаламгер АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Parklawn Memorial зиратына жерленген.
Мұхтар Мағауин атындағы орталық – оның ұрпаққа қалдырған бай мұрасын дәріптеудің және қазақ мәдениетін әлемге танытудың бірегей қадамы болмақ.