Ақтаудың бұрынғы әкімі Ербол Ізбергеновтен айыппұл өндірілді. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Todayinfo.kz.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Ақтау электр желілері басқармасы» жұмысында заңбұзушылықтарды анықтаған.
Монополияға қарсы департамент мәліметінше, АЭЖБ қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, бәсекелестік ортада жүрген жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асырады, сол арқылы кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтірген.
«Сонымен қатар, нарыққа электр энергиясын есепке алу аспаптарын жеткізуді ойлаған «Вавиот Азия» ЖШС-не қатысты тауар нарығына қолжеткізу үшін кедергілер жасау деректері анықталды. Алайда, АЭЖБ негізсіз дәлелдерге сілтеме жасай отырып және бюрократия құру арқылы тауарды нарықта сатуға мүмкіндік бермеді. АЭЖБ мемлекеттік кәсіпорнының құрылтайшысы Ақтау әкімдігі болып табылады, осыған байланысты жергілікті атқарушы орган атына АЭЖБ-ға ұйғарым мен хабарлама енгізілді», — деп хабарлады ведомство.
Ведомство мәліметінше, қалалық әкімдік монополияға қарсы қызметкерлер талабымен келіспей, актіні орындаудан бас тартқан.
«Осыған байланысты Ақтаудың бұрынғы әкімі Е.Ізбергеновке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 162-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды («Монополияға қарсы органның нұсқамасын орындамау»). Ақтаудың бұрынғы әкімі монополияға қарсы органның дәлелдерімен келіспей, Ақтау әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотына жүгінді. Соттың ұйғарымы бойынша, шағым қабылданбады. Монополияға қарсы органның қаулысы орындалмағандықтан мемлекет кірісіне салынған айыппұлды өндіріп алу бойынша мәжбүрлеу шаралары қабылданды. Бүгінде нұсқаманың талаптары орындалды, әкімшілік айыппұл өндірілді. АЭЖБ хабарламасы толық көлемде орындалды», — деп атап өтті ведомство.
Бұған дейін Ербол Ізбергеновке 2023 жылдың наурызында сот шешімін орындаудан жалтарғаны үшін де айыппұл салынған еді.
Todayinfo.kz