Кеген ауданында өткен «Қымызмұрындық» кезінде жетісулық жігіт 121-ші қошқарын ұтып алды. 120 келі қошқарды 35 рет көтерген Айдын мойнының мығым, белінің берік екенін дәлелдеп көптің қошеметіне бөленді, деп хабарлайды Todayinfo.
Одан бөлек ауыр бөрене, қой тас көтергендер де ақшалай сыйлыққа ие болды.
Қамымұқан мен Балуан Шолақтың ізін басқан жастар көбейіп келеді
Білектілер мен жүректілер көптің алдында күш сынасып, бағзы заманның батырларындай ойын мен өнердің небір түрлерін көрсетті. Бірі ауыр тасты кеудесіне қондырып алшаңдап басса, күші тасыған келесі балуандар ауыр бөренені иыққа салып сан рет отырып-тұрды. Қазақ күресі мен арқан тартысы, ат үстінде садақ тарту мен қылыш сермеу сынды бағзы бабалардан мұра болып қалған қиын да қызықты ойын түрлері көпшілікке паш етілді. Алыптар айқасын соңғы жылдары кеңінен насихаттап жүрген Тимур Спатаевтың сөзінше, ұлттық өнерге тігілген бәстің де көлемі соңғы кездері көбейген.
«Бұл жерде ұлттық спорттың бес түрі бойынша сайыс өткізіп жатырмыз. 150 келі ауыр тасты көтеру, бір тонналық арбаны ұзақ қашықтыққа сүйреу, қошар көтеру, сол жақ иықпен 150 келілік бөренені бұйым көрмей көтере алу және ең соңғысы 25 келілік қылышты бір қолмен ұстап тұру. «Қымызмұрындыққа» Қажымұққан атамыз секілді алып денелі нағыз палуандар шығу үшін 15 келілік «кружка» жасатып келдім. Мақсатымыз қазақтың палуандарын, батырларын, алыптарын таныту. Қажымұққан, Балуан Шолақ, Иман Жүсіп аталарымыздың ізін жалғайтын палуандар шығару», — деді Алыптар сайысының негізін қалаушы, Қол күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Спатаев.
Қызық көрген көптің алдында күші тасыған, өзіне сенген жігіттер кезек-кезек шығып, талап бойынша қойылған тапсырманы орындауға тырысып бақты.
«Кеген ауданының Қарқара жайлауында жарысқа қатысу үшін арнайы дайындалып келдім. Қымызмұрындықтың қызығын көркейтіп, көптің көңілінен шығуға тырыстым. 120 келі қошқарды 35 рет көтеріп, бас жүлдені ұтып алған жайым бар. Қошқар көтеріп жүргеніме 10 жылдай болды. Бүгінгі қошқарды қоса алғанда 121 қошқар ұттым», — деді Жетісу облысы Сарқан ауданынан келген Айдын Нұғманов.
Ұлттық құндылықтар ұлықталған күн
Аудан әкімінің сөзінше, Қарқара жайлауында қазақтың бағзыдан бар салтын сабақтап, көрсең көз тоятын, санаға ой салатын мағынасы терең дәстүрін түгел қамтитын «Қымызмұрындық» өткізудің өзіндік мақсаты бар. Тек ауыл шаруашылығымен отыра бермей, табысы мол туристік қызмет түрлерін де дамыту. Табиғаты ерекше жер туристердің тынығып, сананы сергітіп, денсаулықты сақтауға таптырмас тау саналады. Қазаққа тән мұраны насихаттай отырып, таулы аймақ Кегенге келушілерді көбейте түсу.
«Жүз көбіде қымыз құйылған, әрқайсында 10-15 литрдан бастап бал қымыз сапырылған. Оның бәрі халыққа тегін таратылды. Ол біздің аудандағы әр ауылдық округтегі шаруалардың осы мерейтойға қосқан үлесі. Қымызмұрындықта берілген бір тал бауырсақ болса да, бір кесе қымыз болса да біздің киелі мекен Кегенге келген әрбір қонақтың, жолаушының дәм татып қайтсын деген көңілдері, ниеттері деп қабылдаңыздар. Қазір бірнеше шаруа орталықтарында жақсы қымыз өндіріліп жатыр. Соның ішінде «Көлбастау қымызы» деп атап айтуға болады. Былтырдан бері Ұлан деген азаматтың «Көлбастау қымызы», «Көлбастау құрты», «Көлбастау майы» деген брендтермен шығып жатыр. Бұл жалғасын табады», — деді аудан әкімі.
Кеген ауданында 30 мыңның үстінде жылқы, бір жарым мындай шаруа бар. Көбі бие сауып, жаз бойы Жетісу өлкесіндегі жұртты қымызбен, құрт, сары май, ірімшік, етпен қамтамасыз етеді. Ол ұлттық өнермен бірге ұлттық тағам, сусындарды да кеңінен насихаттап, шаруалардың табыс табуына мүмкіндік жасау керектігін айтты.
«Алыптарымыз халықтың алдында ауыр тасты көтеріп, арбаны сүйреп, бөрінені иықпен көтеріп, бар өнерлерін баршаға паш етуде. Одан басқа қазақ күресі өтіп жатыр. Кошқар көтеру сайысы нағыз қызыққа толы болды. Сонымен қатар, аттың үстінде қыз-жігіттер өз өнерлерін көрсетіп жатыр. Осының бәрі облыстық спорт басқармасының, спорт федерациясының жұмыс жасауы деуге болады. Сәйгүліктер сайысына екі автокөлік, қомақты қаржылай сыйлықтар тағайындалған. Жүлделердің барлығы демеушілердің көмегі арқылы беріледі», — деді Алматы облысы Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Қымызмұрындықты халықаралық аренада насихаттау жоспары тұр
Жайлауға жиналған жұрт өткен ғасырдың басында бағы жанған әйгілі Қарқара жәрмеңкесінде жүргендей күй кешті. Қаз-қатар тігілген елуден астам ақ боз үйде ас беріліп, саба саба қымыз сапырылды. Қазан-қазан ет асылып, жайлауда семірген биенің қазы-қартасы қатар тартылды. Ақсақалдар бата беріп, әжелер ән салды, қыздары күлімдеп, кестелі орамалды келіндері иіле кесемен шай ұсынды. Жаныңа жылулық ұялатып, жүрегіңе тыныштық сыйлаған сәні мен салтанаты жарасқан ерекше мереке ұйымдастырылды. Шөбі шүйгін жайлаудың жұрты да ерекше, алқызыл бетті адамдары ағынан жарылып, бағзыда өткен батырлардың оқиғаларын ортаға салып, өткен тарихқа да тереңінен тартады.
Хантәңірдің етегіндегі жасыл жайлауда өткен өзгеше мерекенің маңызына Өңір басшысы да ыстық ықылас жолдаған. Оның құттықтау хатын Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым оқып берді.
«Қымызмұрындық – береке мен молшылықтың, қонақжайлықтың, тектілік пен тағылымның жарқын көрінісі. Бұл халқымыздың тұрмыс-салты мен рухани мәдениетінен сыр шертетін ұлттық мұра. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда: «халқымыздың ата-бабадан мирас болған мол мұрасы бар. Оны заман талабына сай жаңғыртып, барынша насихаттауымыз керек» деген болатын. Бүгінгі шараға 10-ға жуық шет мемлекеттің өкілдері, еліміздің айтулы мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі әдебиет және мәдениет майталмандары, республикалық қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестік өкілдері қатысып отыр. Осының өзі қазақ халқы мен оның ұлттық мәдениетіне деген үлкен құрмет деп білемін. Қымызмұрындық елімізді танытатын рухани кодымызды жаңғыртатын мазмұнды бастама. Қымыз дайындау тек шеберлік емес, бұл өмір философиясы. Бие байлау, қымызды ашыту, сақтау, келген қонаққа ұсыну халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ерекше дәстүрі. Біз бүгін баба аманатын орындау мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып, қымыз өндірісі көлемін арттырып, оны сақтау, тасымалдау және сауда желілеріне жеткізу жолында еңбек етудеміз. Соның нәтижесінде халықтың ұлттық өнімге деген сұранысы жылдан жылға артып келе жатыр. Қымыз өндірісі жылқы шаруашылығымен тікелей байланысты. Бүгінде Алматы облысындағы жылқы саны 268 мың басқа жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға артты», — деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Айта кету керек, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға арналған шараға он мыңнан астам адам келген. Қонақтардың арасында далалықтардан бөлек дәстүрді көргені, естігені болмаса іске асыра алмайтын қалалықтарда көп келді. Бұл қазір құндылықтар ауысып жатқан алмағайып уақытта жастардың жадын сақтап қалуына таптырмас амал болмақ.
«Бізде ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тойлар көп болу керек. Қазақ атқа мінгенде ғана азаттықты сезінеді. Сондықтан ат жарыстарының өтетін «Жолан жүйріктері»бәйгесі де біздің мәдениетіміздің бөлінбес бөлшегі деп қабылдау керек. Мәселен, бүгінгі шараға қымызмұрындық қана тойланған жоқ. Қой қырқудан бастап, теңге ілу, палуандар күресі, алыптар айқасы, арқан тарту, ат бәйгесі сияқты жарыстар да болды. Қазір қалада өскен балалар қой қырқу, қой сою, етті жіліктеу, оны пісіріп, кімге еттің қай мүшесін беретінін білмейді. Оны олар осындай ұлттық құндылықтар ұлықталатын тойларда ғана көріп, естіп, көңілге тоқиды», – деді Ұлттық құрылтай мүшесі Сырымбек Тау.
Ал аудан әкімінің сөзінше, жалпыхалықтың мерекені ұйымдастыруға қаражат толықтай бюджеттен бөлінген жоқ. Тек кейбір жүлделі орындарға ғана облыстық басқармадан ақша бөлінген. Негізгі күш аудандар мен кәсіпкерлерге түскен.