Фото: baq.kz
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған қазіргі қоғамдағы басты мәселе ретінде ақпараттық және интеллектуалдық ресурстардың сапасына назар аудару қажет екенін айтты, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Оның пікірінше, Қазақстанда материалдық мүмкіндік жеткілікті болғанымен, интеллектуалдық әлеуеттің деңгейі әлі де төмен.
“Бізде материалдық ресурстар өте көп. Бірақ мәселе — сол ресурстарды тиімді пайдалана алуда. Қазір әлемдік ақпарат 7-8 тілде тарайды. Сол себепті бізге де түрлі көзқарастағы, кейде қайшы ақпараттар көптеп келеді. Бұл бір жағынан пайдалы болса, екінші жағынан — жалған, арандатушылық материалдардың көбеюіне себеп болып отыр”, — дейді ғалым.
Профессордың айтуынша, Қазақстан әлі де интеллектуалдық әлеуеті шектеулі елдердің қатарында.
“Қанша жерден мақтансақ та, интеллектуалды ресурс тұрғысынан біз орта деңгейдегі елміз. Тіпті түрік, Осман империясының ұрпақтары саналатын түріктердің өзінде интеллектуалдық база жоғары емес. Технологияның 90 пайыздан астамы ағылшын тілінде жасалады, ал бұл жағдай жақын болашақта өзгере қоймайды”, — дейді ол.
Бүркітбай Аяғанның айтуынша, елдегі білім және ғылым жүйесінің ең әлсіз тұсы — университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының арасындағы байланыс жоқтығы.
“Интеллектуалдық ресурстар негізінен университеттерде, ғылыми институттарда және колледждерде шоғырланған. Бірақ, өкінішке қарай, олардың арасында байланыс өте әлсіз. Әрқайсысы өз бетімен жұмыс істейді. Мектеп пен колледж бөлек, кәсіби тарихшылар өз алдына, ал университет пен ғылыми институттар өз бағытында кетіп қалған”, — деп атап өтті профессор.
Оның сөзінше, осы жүйені қайта ұйымдастырып, ғылыми орталықтар арасындағы өзара ықпалдастықты күшейту — уақыт талабы.
“Бұрын 800-ге жуық ғылым докторы мен PhD болса, қазір шамамен 1000 адам бар шығар. Бірақ олардың интеллектуалдық сапасы әртүрлі. Басты мәселе — сапада, ал оны көтеру үшін ортақ ғылыми саясат керек”, — дейді ғалым.
Бүркітбай Аяғанның пікірінше, Қазақстан ғылымы мен білім саласында басты міндет — интеллектуалдық ресурсты жүйелеу және сапасын арттыру. Ол үшін ғылым мен оқу орындарының арасындағы үйлесімді байланыс орнатылып, нақты ғылыми бағыттарда біріге жұмыс істеу қажет.
“Бізге ғылымдағы ұйымшылдық жетіспейді. Осыны реттемей, интеллектуалды әлеуетті арттыру қиын”, — дейді профессор.