Қазақстанда электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын орта есеппен 3 - 4%-ға өсіп келеді. Инфрақұрылымның тозуы және өңірлік теңгерімсіздік жағдайында мемлекет екі бағытқа: энергия тиімділігін арттыруға және атом энергетикасын дамытуға басымдық беріп отыр. 2026 жылдың 15 сәуірінде Президент «Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын» бекітті. Бұл құжат саланың ұзақ мерзімді бағытын айқындайды.
Халықаралық энергетика агенттігінің бағалауынша, энергия тиімділігі жаңа электр станциясын салумен тең дәрежедегі стратегиялық құралға айналды. Елімізде өнеркәсіп орындарын жаңғырту және тұрғын үй секторында талаптарды күшейту шаралары жүріп жатыр. Алайда, тек үнемдеу шаралары мәселені толық шеше алмайды. Әсіресе халық тығыз қоныстанған оңтүстік өңірлерде тапшылық сезіледі, өйткені бұл аймақтар негізінен солтүстіктен келетін энергияға тәуелді.
«Қазіргі жағдайда жаңа генерация көздерін іске қоспайынша энергия тапшылығы мәселесін шешу қиын. Оңтүстік өңірлердегі тапшылық қазірдің өзінде айтарлықтай деңгейге жетті. Егер бұл үрдіс сақталса, алдағы жылдары энергияны тұтынуға белгілі бір шектеулер енгізу қаупі туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда энергетика саласына инвестиция тарту мен жаңа өндірістік қуаттарды іске қосудың маңызы арта түседі», - дейді Қазақстан инженер-энергетиктер одағының бас директоры Марат Дулқайыров.
Атом энергиясы агенттігінің болжамына сәйкес, алғашқы атом электр станциясының құрылысы кезінде ең қызған шақта 10 мыңға жуық маман тартылады, ал нысан іске қосылғаннан кейін 2 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Жоба машина жасау, құрылыс материалдары және цифрлық технологиялар сияқты аралас салаларды дамытуға мультипликативтік әсер береді. Бүгінде отандық атом саласында 20 мыңнан астам адам еңбек етеді.
«Қазақстанда атом энергетикасы үшін қажетті ғылыми база әлдеқашан қалыптасқан. Институтымыздағы ВВР-К зерттеу реакторы жарты ғасырдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істеп келеді. Осы жылдар ішінде мұнда жүздеген инженер мен зерттеуші даярланып, ядролық қауіпсіздік пен реактор физикасы саласында тәжірибе жинақталды. Болашақ атом электр станциясын басқару тек реактор операторларымен шектелмейді. Бұл жүйеде материалтанушылар, бағдарламашылар, автоматтандыру инженерлері, радиациялық қауіпсіздік мамандары, энергетиктер, химиктер және жасанды интеллект жүйелерімен жұмыс істейтін инженерлер қажет болады. Сондықтан бүгінгі күні университеттерде атом инженериясы бағытындағы білім беру бағдарламаларын күшейту арқылы ертеңгі кадр тапшылығының алдын аламыз», - дейді Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев.
Әлемдік тәжірибеде Франция, Қытай, Түркия және Оңтүстік Корея сияқты елдер атом технологияларын энергетикалық тәуелсіздік пен экспортты арттыру үшін қолданады. Жаңа буын реакторлары көпсатылы қорғаныс жүйелерімен жабдықталған. Қазақстанда жел мен күн энергетикасы табиғи жағдайларға байланысты құбылмалы болғандықтан, АЭС тұрақты базалық қуат көзі ретінде қарастырылып отыр.
«Атом энергетикасы – ғылым мен өндірісті байланыстыратын сала. Қазіргі реакторлар бұрынғы технологиялармен салыстырғанда қауіпсіздік талаптары әлдеқайда жоғары деңгейде жобаланады. Көпсатылы қорғаныс жүйелері, автоматты бақылау құралдары және халықаралық стандарттар бүгінгі атом энергетикасының ажырамас бөлігіне айналған. Қазақстанның бұл бағыттағы ғылыми әлеуеті жетерлік. Ұлттық ядролық орталық көптеген жыл бойы реакторлардың қауіпсіздігін бағалау және ядролық материалдарды зерттеу бойынша халықаралық жобаларға қатысып келеді. Бұл зерттеулердің нәтижелері Жапония, Франция және басқа мемлекеттерде пайдаланылады. Атом энергетикасын дамыту арқылы біз тек электр энергиясын өндіріп қана қоймай, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға және экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өнімдер шығаруға мүмкіндік аламыз», - дейді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбеков.
2050 жылға дейінгі стратегия аясында энергия тиімділігі мен атом энергетикасы бір-біріне қарсы қойылмайды. Олар елдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін өзара байланысты екі стратегиялық құрал ретінде дамитын болады.




