Боралдай кентіндегі «Алатау» базары аумағында орналасқан Sushi Time қоғамдық тамақтану орнының өнімдерін тұтынғаннан кейін тағамнан улану белгілерімен 19 адам ауруханаға жатқызылды.
Оқиға туралы алғашқы хабарламалар түскен сәттен бастап санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары, денсаулық сақтау мекемелері және жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жұмыстарын жүргізуде. Зертханалық сараптама жасау үшін тағам өнімдерінен сынамалар алынып, материалдар уәкілетті органдарға жолданды.
Тексеру жүргізу кезеңінде және оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталғанға дейін Sushi Time қоғамдық тамақтану орнының қызметі уақытша тоқтатылды.
Оқиғаның нақты себептері зертханалық зерттеулер мен тексеру нәтижелері шыққаннан кейін белгілі болады. Тексеру қорытындылары бойынша қосымша ақпарат ұсынылады.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тұрғындарды қоғамдық тамақтану орындарын таңдауда сақ болуға шақырды.
«Жаз мезгілінде қоғамдық тамақтану орындарын таңдауға ерекше мән берген жөн. Нысандардың санитариялық жағдайына және тағам өнімдерінің сақталу талаптарына да назар аудару қажет. Құсу, диарея немесе дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер байқалған жағдайда өздігінен ем қабылдамай, дереу медициналық көмекке жүгінген дұрыс», – деп хабарлады Іле аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы.




