Қарағанды облысында бір қабірге қатысты туындаған дау сотқа дейін жетіп, дауды анықтау үшін қабір ашылып  мәйітке тексеру жүргізілген болатын. Эксгумация нәтижесінде ұзақ уақытқа созылған даудың кейбір жайттары анықталды, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

«Информбюро» жаңалықтарының мәліметінше, оқиға Бұқар жырау ауданының Құрылыс ауылында болған. Арызданушы Айгүл Жамиленова 2024 жылдың қараша айында  анасын мұсылман зиратына жерлегенін айтқан.  

Бірнеше айдан кейін ол  күйеуімен бірге анасының басына ескерткіш орнату үшін зиратқа келгенде, қабір басында басқа адамның аты-жөні жазылған құлпытас пен қоршауды көрген. Осыған байланысты ол анасын жерленген орында өзге адам жерленген болуы мүмкін деген күдікпен сотқа жүгінген.

«Мен бұл жерде анамның жатқанына сенімдімін. 40 адам жерлеуіне қатысып 40- ы қателесуі мүмкін емес», - деген еді Айгүл Жәмиленова.

Алайда,істі қараған апелляциялық сот мәйітті эксгумациялау туралы шешім қабылдаған еді. Сараптама қорытындысы талапкердің күдігін растаған жоқ. Тексеру барысында қабірде құлпытасқа аты жазылған адамның жерленгені анықталды. Марқұмның туыстары эксгумация кезінде мәйітті танығандарын мәлімдеді. 

«Марқұмның жиені Нұрхан Майлыбаев мәйітті шығарғанда оның біздің туысымыз екенін бірден білдік»,-деді.

Сот сараптама  қорытындысына сәйкес, тиісті шешім шығарды. Енді талапкер анасының нақты қай жерге жерленгенін анықтауы қажет. Сонымен қатар сот шешіміне сәйкес эксгумация мен сот шығындарын өтеу мәселесі де қарастырылуы мүмкін. Айгүл Жамиленова қабір орнын  белгілеп берген зират күзетшісі мен жерлеу қызметін көрсеткен кәсіпкерге қатысты моральдық шығын өндіру туралы талап қою мүмкіндігін қарастыратынын айтты.