Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығының алаңында «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» тақырыбында ауқымды музыкалық флешмоб өтті. Іс-шараға қалалық мектептердің 2000-ға жуық оқушысы қатысып, белгілі күйші-композитор Қаршыға Ахмедьяровтың «Алтын ұя» күйін бір мезетте орындады.
Оқушылар домбыра, қобыз, қыл-қобыз, жетіген, сазсырнай, флейта және скрипка сияқты ұлттық және классикалық аспаптарда ойнады. Флешмобқа елорданың көркемсурет және музыка мектептерінің, сондай-ақ жалпы білім беретін ұйымдардың 10 бен 16 жас аралығындағы тәрбиеленушілері қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – музыка арқылы «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» идеясын жеткізу. Әртүрлі аспаптардың үні бір арнаға қосылып, көпұлтты елдің бірлігін бейнеледі.
Қатысушылардың пікірінше, «Алтын ұя» күйін орындау оларға туған жерге деген сүйіспеншілікті терең сезінуге мүмкіндік берді. Бұл күй Отанға деген сағыныш пен туған өлкеге деген махаббатты бейнелейтін шығарма ретінде танымал.




