Алматыдағы колледждердің бірінде жантүршігерлік оқиға болды. Желіде студент қызды құрдастарының аяусыз соққыға жыққаны туралы ақпарат тарап, қоғам наразылығын тудырды. Жәбірленуші қазір ауруханада, ал оның туыстары оқу орнының әкімшілігін шындықты бүркемелемек болды деп айыптап отыр.
Оқиға 1 желтоқсан күні болған. Әлеуметтік желіде жәбірленушінің әпкесі сіңлісіне жасалған шабуылдың мән-жайын ашып айтты. Оның сөзінше, кәмелетке толмаған қызға үш студент жабылып кеткен.
Оқиға оқу орнының әжетханасында орын алған. Шабуыл жасағандардың бірі ешкім кіріп-шықпауы үшін есікті тіреп тұрған көрінеді.
"Баланы тепкілеп, бетін тырнап, аяусыз ұрған. Қазір ол №1 балалар ауруханасында жатыр. Миы шайқалған, оң көзінің көру қабілеті нашарлап кетті. Ауруханада бірнеше рет есінен танып қалды", – деп жазды қыздың әпкесі.
Ең сорақысы, туыстарының айтуынша, колледж басшылығы бұл жағдайды жария қылмауға тырысқан. Ата-анасына оқиғадан кейін бір жарым сағат өткен соң ғана хабар беріліпті. Тіпті бөлім меңгерушісі ақпарат сыртқа шықса, оқудан шығарамыз деп қорқытқан көрінеді.
Жанжал неден шықты?
Жәбірленушінің өзі не үшін таяқ жегенін түсінбей дал. Алайда, оқиғаның астарында "қызғаныш" жатқан сияқты.
Автордың айтуынша, шабуыл жасаған қыздардың бірі бір жігітті ұнатып жүрген, ал ол жігіт жәбірленушіге ғашық болған.
"Ол бұл қыздарды мүлдем танымайды. Оған: "Мен сенің бетіңді бұзамын, сұрқыңды қашырамын" деп қоқан-лоққы көрсетіп, тап берген", – делінген жазбада.
Тағы бір даулы мәселе – оқиғадан кейін жәбірленушіні ата-анасының рұқсатынсыз психологқа апаруы. Туыстарының пайымдауынша, бұл қолдау көрсету үшін емес, моралдық қысым жасап, түсініктеме жаздыру үшін жасалған әрекет.
View this post on Instagram
Полиция не дейді?
Бұл шулы оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті түсініктеме берді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Алмалы аудандық полиция басқармасына жәбірленушінің анасы арыз түсірген. Қазіргі уақытта жанжалға қатысушылардың барлығы анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілген.
Тәртіп сақшылары тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Кінәлі жасөспірімдердің ісі кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралатын болады. Сондай-ақ, олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, оқушылар есепке алынады.
Әзірге колледж әкімшілігі ресми жауап берген жоқ.




