Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

"4,5 сағат кезекте тұрмын": Шымкентте газ тапшылығы жүргізушілерді әбден қажытты

Шымкентте сұйытылған газ тапшылығы тағы да ушықты. Жүргізушілер жарты күнін кезекте өткізуге мәжбүр. Әкімдік мәселені 5 күнде шешуге уәде етті.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
"4,5 сағат кезекте тұрмын": Шымкентте газ тапшылығы жүргізушілерді әбден қажытты

Шымкенттегі газ құю бекеттерінде таңнан кешке дейін созылған ұзын-сонар кезек пайда болды. Қала тұрғындары бірнеше күннен бері сұйытылған газ таба алмай сарсаңға түскен, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жүргізушілердің айтуынша, қазір қалада газ үзілмей құйылатын бір ғана бекет қалған. Соның кесірінен жүздеген көлік сол жерге ағылып, үлкен кезек туындауда. Кейбір жүргізушілер жарты күнін кезекте өткізуге мәжбүр.

"Міне, 4,5 сағат болды тұрғаныма. Басқа жерлерде газ жоқ, сондықтан бәрі осында келеді. Ең болмаса, мұнда бар. Газ келсе құяды, болмаса бірден айтады", - дейді жүргізушілердің бірі.

Қала тұрғындары мұндай жағдай жыл сайын, әсіресе көктем мен күзде қайталанатынын айтып шағымданады. Көліктері қаңтарылып, жұмыстары тоқтап қалған жұрттың ашуы қара қазандай.

Ал қала әкімдігі газ тапшылығын 27 наурызда жөндеуге жабылған PetroKasakhstan газ өңдеу зауытының жұмысымен байланыстырды. Кәсіпорын уақытша тоқтағандықтан, отын Ақтөбеден теміржол арқылы тасымалданып жатыр екен.

"Вагондардың кешігуіне байланысты Шымкентте газ тапшылығы байқалып отыр. Энергетика министрлігіне қосымша көлем сұрап, "Қазақстан темір жолына" тасымалды жылдамдату туралы хат жолдадық. Жұмыстар жүргізіліп жатыр", - деп мәлімдеді қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының өкілі Ерболат Мамырхан.

Әкімдік өкілдері жағдай бес күн ішінде тұрақталады деп уәде берді. Дегенмен, қалада газға сұраныс артып келеді: соңғы екі жылда сұйытылған газбен жүретін көлік саны 32%-ға өскен. Әзірге жүргізушілерге тек кезекте тұрып, отын күтуден басқа амал қалмай отыр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар

"4,5 сағат кезекте тұрмын": Шымкентте газ тапшылығы жүргізушілерді әбден қажытты · Todayinfo