Қытайдың шығысындағы Цзянсу провинциясында Нанкин қырғыны құрбандарына арналған қаралы рәсім ұйымдастырылды. Еске алу шарасы 1937 жылғы жаппай қырғын құрбандарына арналған мемориалдық музей аумағында өтті. Бұл туралы «Ресей – Қытай: басты жаңалықтар» мобильді қосымшасының ақпарат қызметі хабарлады.
Рәсім барысында қаза тапқандардың туыстары мемориалдық қабырғаға гүл шоқтарын қойып, құрбандардың рухына бір минут үнсіздікпен тағзым етті. Қабырғада он мыңдаған адамның есімі қашалып жазылған.
Тарихшылардың дерегінше, Нанкин қырғыны Қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы күресі кезіндегі ең қанды әрі ауыр оқиғалардың бірі саналады. 1937 жылдың желтоқсан айында шамамен 40 күн бойы қала аумағында бейбіт тұрғындар жаппай қырып-жойылған. Сол кезеңде 300 мыңға жуық адам қаза тауып, ер адамдар аса қатыгездікпен өлтірілген, ал мыңдаған әйел зорлық-зомбылық көрген.
Қазіргі таңда сол қасіретті күндердің бар болғаны 24 куәгері ғана тірі. Осыған байланысты еске алу шарасында тарихи жадыны сақтау мен бейбітшіліктің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Нанкин қаласындағы Сяочжуан колледжі жанындағы №1 бастауыш мектептің оқушысы Чжан Чэньси өткен тарихты ұмытпау қажет екенін айтты.
«Бұл оқиғалар ұмытылмауы тиіс. Біз бейбітшілікті бағалап, жақсы білім алып, болашақта елімізді қуатты ету үшін бірге еңбек етуіміз керек. Сонда ғана мұндай трагедия қайта қайталанбайды», – деді ол.
Ал Нанкин қырғыны құрбандарын еске алу музейінің қызметкері Ли Сюэцин тарихи шындықты келер ұрпаққа жеткізу маңызды екенін жеткізді.
Фото: скрин/ CCTV«Біздің міндетіміз – қаза тапқан отандастарымыздың рухына тағзым ету ғана емес, Нанкин қырғыны туралы тарихи ақиқатты сақтау және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу», – деді музей өкілі.




