Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Әкім: Түркістанның бес ауданының тұрғындарына енді орталыққа бару қажет емес

Түркістан облысында туу көрсеткіші жоғары 5 ауданның тұрғындары үшін 200 орындық жаңа перинаталдық орталық салына бастады. Бұл туралы өңір әкімі мәлімдеді.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Әкім: Түркістанның бес ауданының тұрғындарына енді орталыққа бару қажет емес

Түркістан облысында 200 орындық жаңа перинаталдық орталықтың іргетасы қаланды. Заманауи медициналық нысан ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы өңір үшін маңызды жобалардың бірі болмақ, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Жаңа орталық Ордабасы ауданының Темірлан ауылында бой көтереді. Құрылыс алаңында өткен салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, болашаққа хат қалдырылған капсуланы салды. Бұл әлеуметтік маңызы зор жоба ауыл тұрғындары үшін білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Өңір басшысының айтуынша, жаңа перинаталдық орталық салу қажеттілігі халық санының тұрақты өсуі мен туу көрсеткішінің жоғары болуынан туындаған. Бүгінде Түркістан облысында екі миллионнан астам адам тұрады және бұл өңір елімізде бала туу бойынша көш бастап тұр.

"Бүгін біз Түркістан өңіріндегі тағы бір игі бастамаға куә болып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында медициналық инфрақұрылымды кешенді жақсарту қажеттігін атап өткен еді. Осы бағытта облысымызда ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Былтыр шалғай елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылды. Ал бүгін облыстық перинаталдық орталықтың капсуласын салып отырмыз. Бұл мекеме Ордабасы, Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас аудандары мен Арыс қаласының тұрғындарына қызмет көрсетеді. Енді ауыл тұрғындарына облыс орталығына сабылудың қажеті жоқ – жоғары білікті көмекті осы жерден ала алады. Заманауи жабдықтар мен білікті мамандар ана мен бала қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңірдегі демографиялық жағдайдың жақсаруына зор серпін береді", – деді Н. Көшеров.

Жаңа перинаталдық орталық халықаралық стандарттарға сай салынып, ең заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталады. Мұнда жүкті әйелдерге, босанатын аналарға және жаңа туған нәрестелерге облыстық деңгейде жоғары технологиялық көмек көрсету жоспарланған. Жобаның іске асуы жұмыс істеп тұрған медициналық мекемелерге түсетін жүктемені азайтып, ана мен бала қауіпсіздігінің деңгейін арттырады.

Ғимараттың жалпы ауданы 34 мың шаршы метрден асса, құрылыс аумағы – 12 мың шаршы метрден асады. Орталық үшін жалпы 8 гектар жер бөлінген. Бұл жоба өңірдің денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және ауыл тұрғындарының сапалы медициналық көмекке тең қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар