Алматы қаласының прокуратурасы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тергеудің жаңа деректерін жариялады, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Қадағалаушы органның мәліметінше, қылмыстық іс енді Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігімен (көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарып, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу) қаралуда. Бұл бап бойынша 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойына белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы көзделген.
Сонымен қатар, осы оқиғаға байланысты полиция қызметкерінің әрекетсіздігі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелді. Іс Қылмыстық кодекстің 370-бабы 4-бөлігі 1-тармағы (қызметтегі әрекетсіздік, ауыр зардаптарға әкелген) бойынша тергелуде. Бұл бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе шектеу, мүлкін тәркілеу және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқаруға тыйым салуды қарастырады.
Прокуратураның хабарлауынша, қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, сараптамалар тағайындалған. Сондай-ақ, бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Оқиға 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында болған. Zeekr көлігі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі (29 жаста) және оның екі жолаушысы (20 және 22 жастағы қыздар) оқиға орнында қаза тапты. Zeekr көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.




