Фото: instagram.com/zhansultansaparbayev
Елімізде бірқатар өңірді басқарған мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Бердібек Сапарбаевтың ұлы әлеуметтік желіде жеке толғанысын жариялап, әкесі туралы жүрекжарды ойын жазды, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жазбасында ол адам өмірінде «дайынсың ба?» деп сұрамай келетін, бірақ бүкіл ішкі дүниеңді түбегейлі өзгертетін сәттер болатынын атап өтті. Автор үшін сондай кезең әкеден айырылған уақытпен тығыз байланысты екенін жасырмады.
— Әкем әрдайым жанымда болды. Сабырлы, байыпты, сенімді жан еді. Мен оған арқа сүйедім. Тіпті оны сол кезде толық сезінбесем де, ішімде «қасымда бәрін шеше алатын адам бар» деген тыныш сенім болатын. Үйдің беріктігі де, бағыт-бағдары да соның мойнында еді, — деп жазады ол.
Алайда бір сәтте сол тіректің жоқтығын анық сезінгенін айтады. Дәл сол кезеңде өмірге, жауапкершілікке деген көзқарасы түбегейлі өзгерген.
— Сол кезде ер адамға тән бір терең түсінік келеді екен. Енді жоғарыдан қарайтын, сүйенетін жан жоқ. Жауапкершілік толықтай өз мойныңа өтеді. Балаларың сенімді іздесе — оны енді өзіңнен табуы керек. Ал отбасының беріктігі сенің шешіміңе, сөзіңе, әрекетіңе байланысты екенін түсінесің, — дейді ол.
Автор бұл сезімнің бір күнде келмейтінін де атап өтті. Оның айтуынша, ер азаматтың ішкі өсуі өмірдегі түрлі сынақтармен қалыптасады: әке атанған сәтте, қиын шешімдер қабылдағанда, шегінуге жол жоқ екенін ұққанда.
— Осындай әр жағдай саған бір ғана шындықты қайталайды: сен енді бала емессің, сен — ер азаматсың, — деп жазады ол.
Жазба соңында ол еркектің есейуі жасына немесе атақ-дәрежесіне байланысты емес екенін түйіндеді.
— Ер адам «енді сен отбасының басшысысың» деген сөзді естігенде емес, бір сәтте ішкі түйсігімен «мен енді өз тегіме, өз атыма тиесілі барлық жауапкершілікті арқаладым» деп сезінгенде ғана шын мәнінде есейеді, — деп түйіндеді ол.




