Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай қызметінен босатылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәдебай Айбек Арқабайұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылды.
Айта кетсек, Айбек Дәдебай бұл қызметке 2024 жылдың ақпан айында тағайындалған болатын.
Айбек Дәдебай 2001 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін, 2003 жылы магистратураны бітіріп, аймақтану магистрі дәрежесін алды.
Әр жылдары Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері мемлекеттік университетінің халықаралық туризм менеджменті кафедрасының оқытушысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының парламентаралық байланыстар және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің сарапшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы көмекшісінің міндетін атқарушы болып жұмыс істеді.
Ол Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Женевадағы Тұрақты Өкілдігінің атташесі, үшінші хатшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары, меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
2021 жылдың мамырынан 2022 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары болып жұмыс істеді.
2022 жылдың қаңтарында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысы болып тағайындалды.
2024 жылдың 6 ақпанында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды.
II сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесі бар. «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.




