Соңғы жылдары әлем футболында ерекше қарқынмен танылған жас ойыншылардың бірі – Ламин Ямаль. Ламин Ямаль әлем футболын таңғалдырған жас жұлдыз, деп хабарлайды Todayinfo.
Жеке өмірі
Жасына қарамастан кәсіби деңгейде сенімді өнер көрсетіп, жанкүйерлер мен сарапшылардың назарын өзіне аударған футболшы бүгінде әлемдегі ең дарынды таланттардың қатарында аталады.

Ламин Ямаль Насрауи Эбана 2007 жылдың 13 шілдесінде Испанияның Каталония аймағындағы Эсплугес-де-Льобрегат қаласында дүниеге келген.
Оның әкесі Мароккодан, ал анасы Экваторлық Гвинеядан шыққан. Анасы 16 жасында босанған. Әкесі көшеден ескі заттар жинаған. Ямаль және Ламин есімді достары жас отбасыға көмектесіп тұрған. Әкесі құрмет ретінде ұлының атын солардың есімімен қояды.
Болашақ футболшы балалық шағын Барселона маңындағы Матаро қаласында өткізіп, өте ерте жастан доп тебуге қызығушылық танытқан.

Жас кезінде кездейсоқ Месси оның шомылдырып, бірге суретке түскен.
«Ламин – керемет талантты футболшы. Мен оны үнемі бақылап жүремін, өйткені ол мен сүйетін клубта ойнайды. Оған тек сәттілік тілеймін. Небәрі 19 жасында ол әлемдегі ең үздік ойыншылардың бірі саналады және оның алдында әлі ұзақ әрі жарқын мансап күтіп тұр. Шынымды айтсам, бұл ескі сурет өте ерекше. Өмір деген қызық қой: кезінде мен онымен сәби кезінде суретке түстім, ал бүгін екеуміз әлем чемпионатында бір-бірімізге қарсы тұрмыз», – деді Месси.

Футболға алғашқы қадам
Ямаль небәрі жеті жасында әлемге әйгілі «Барселона» клубының академиясы – «Ла Масияға» қабылданды. Бұл академиядан Лионель Месси, Андрес Иньеста, Хави сынды футбол аңыздары шыққан. Жас ойыншы академиядағы барлық жас ерекшелігі командаларында ерекше шеберлігімен көзге түсіп, жаттықтырушылардың сеніміне ие болды.
2023 жылы, небәрі 15 жасында Ламин Ямаль «Барселонаның» негізгі құрамында алғашқы ресми ойынын өткізді. Осылайша ол клуб тарихындағы ең жас дебютанттардың бірі атанды. Оның алаңдағы батылдығы, жылдамдығы, қарсыласын алдап өту қабілеті және дәл пас беруі бірден жанкүйерлердің ықыласына бөленді.

Көп ұзамай Ямаль Испания ұлттық құрамасына шақырту алып, алғашқы матчында-ақ гол соғып, ел тарихындағы ең жас гол авторы ретінде рекорд орнатты. Бұл жетістік оның халықаралық деңгейдегі үлкен мансапқа дайын екенін көрсетті.
2024 жылғы Еуропа чемпионаты Ламин Ямальдың жұлдызын бұрынғыдан да жарқыратты. Турнир барысында ол бірнеше нәтижелі пас беріп, керемет гол соқты. Испания құрамасының чемпион атануына елеулі үлес қосқан жас футболшы турнирдің ең үздік жас ойыншысы атанып, әлемдік футболдың жаңа жұлдызы ретінде мойындалды.

Мамандардың пікірінше, Ламин Ямальдың басты артықшылықтары – жоғары техника, ойынды тез оқуы, батыл шешім қабылдай білуі және екі аяғымен де еркін ойнауы. Ол көбіне оң қапталда шабуылшы ретінде өнер көрсеткенімен, қажет жағдайда басқа шабуыл шептерінде де тиімді әрекет ете алады.
Жас футболшы бүгінде көптеген балалар мен жасөспірімдерге үлгі болып отыр. Оның еңбекқорлығы, тәртібі және футболға деген адалдығы үлкен жетістіктерге жетудің тек талантқа ғана емес, үздіксіз еңбекке де байланысты екенін дәлелдейді.
Ламин Ямальдың мансабы енді ғана басталғанымен, сарапшылар оның алдағы жылдары әлем футболының басты жұлдыздарының біріне айналатынына сенімді. Ол қазірдің өзінде бірнеше тарихи рекордтың иесі атанып, «Барселона» мен Испания құрамасының болашағы ретінде бағаланып келеді.




