Todayinfo.kz
ОқиғаларБарлық жазбаларды қарау

Қазақстан мұнайына тиелген екі танкерге шабуыл жасалып, өртке оранды

Оқиғадан кейін Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады.

Авторы Айдар Керім··1 мин оқу
Қазақстан мұнайына тиелген екі танкерге шабуыл жасалып, өртке оранды
📷 Фото: freepik.com

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан екі танкерге дрондар шабуыл жасады. Оқиғадан кейін Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Todayinfo.kz.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, танкерлер бортында халықаралық экипаждар болған. Шабуыл салдарынан кемелерде өрт шыққан, алайда зардап шеккендер жоқ.

КҚК-ның теңіздегі қашықтағы айлақ құрылғыларына зақым келмеген, сондай-ақ мұнайдың төгілуіне жол берілмеген.

Оқиғадан кейін терминалда мұнай тиеу уақытша тоқтатылды. Жөнелтуді қайта бастау оқиға салдары бағаланғаннан кейін жоспарланып отыр.

Энергетика министрлігінен кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасады. Ведомство 17 және 19 шілдеде Қара теңізде болған азаматтық кемелерге жасалған ұшқышсыз аппараттар шабуылдарын қатаң айыптап, мұндай оқиғалар соңғы күндері бірнеше рет қайталанғанын атап өтті.

СІМ КҚК инфрақұрылымы арқылы қазақстандық мұнай тасымалдап жатқан танкерлерге жасалған соққылар Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғу екенін және халықаралық көлік-логистика мен энергетикалық бағыттардың қауіпсіздігіне қатер төндіретінін мәлімдеді.

«Бізді әсіресе барлық мүдделі тараптар бұрын келісіп алған, Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу үшін кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасу тетігінің әдейі ескерілмей қалғаны алаңдатады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді. Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық көмірсутек шикізатын экспорттау инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды талап етеді», - деп жазылған хабарламада.

Қазақстан шабуылдарды дереу тоқтатуды талап етіп, халықаралық серіктестерді болған оқиғаны айыптауға шақырды. Сондай-ақ залал көлемі бағаланғаннан кейін өз мүдделерін қорғау үшін халықаралық құқықта көзделген барлық тетіктерді, соның ішінде өтемақы талап ету құқығын пайдаланатынын мәлімдеді.

Ұқсас материалдар