Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апаты бойынша іс аясында куәгерлердің бірі жалған жауап берген болуы мүмкін. Бұл туралы КТК хабарлады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Мейрман Шекеевтің айтуынша, Zeekr көлігінің жүргізушісімен бірге болған бірнеше адам алғашқы жауаптарында оның алкогольдік ішімдік ішпегенін мәлімдеген. Алайда кейін жүргізілген сараптама қорытындысы күдіктінің қанынан 1,3 промилле алкоголь анықталғанын көрсетті.

Сондай-ақ тергеу органдарына мейрамханадан алынған төлем құжаттары тапсырылған. Құжаттарда алкогольдік сусындарға тапсырыс берілгені көрсетілген. Осыған байланысты аталған материалдар жеке өндіріске бөлініп, қосымша тергеуге жолданған.

Қазіргі уақытта көрінеу жалған жауап беру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Заң бойынша мұндай әрекет үшін алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салсақ, жол-көлік оқиғасы 21 наурыз күні таңғы уақытта Әл-Фараби даңғылында болған. Тергеу мәліметінше, жалған мемлекеттік нөмір тағылған Zeekr көлігін мас күйдегі жүргізуші сағатына 219 шақырым жылдамдықпен басқарып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Соның салдарынан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Апат нәтижесінде Mercedes жүргізушісі және оның екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Жол апатынан кейін жарақат алған Zeekr жүргізушісі ауруханаға жеткізіліп, емделген соң сәуір айында тергеу изоляторына қамалған.

28 мамырда Алматыда осы іс бойынша сот процесі басталды. Сот отырысында айыпталушы марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады. Қаза болғандардың екеуінің жақындары жүргізушінің материалдық шығынды толық өтегенін айтып, оған бас бостандығынан айыру жазасын қолданбауды сұрады.

Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.