Түркітілдес журналистер қоры 2026 жылдың шілде айында Алматыда Almaty AI Media Fest-2026 жасанды интеллект пен медиа фестивалін өткізеді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Бұл шараға Қазақстанның 1-11 сынып оқушылары қатыса алады.
Үш күнге созылатын фестивальдің алғашқы күні қатысушылар Алматының көрнекті жерлерімен танысады. Олар Көктөбе, Медеу, Шымбұлақ, Орталық музей, Тәуелсіздік алаңы және 28 Панфиловшылар бағы сияқты орындарды аралайды.
Екінші күні жасанды интеллект пен медиаға арналған шеберлік сабақтары өтеді. Оқушылар дәстүрлі журналистика, жаңа медиа және әлеуметтік желілердегі жаңа үрдістер мен мүмкіндіктер туралы білім алады.
Дәрістерді елімізге танымал журналистер, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, IT мамандар, журналистика факультетінің оқытушылары және қоғам қайраткерлері жүргізеді.
Фестивальдің үшінші күні байқау жеңімпаздары анықталып, Almaty AI Media Fest-2026 салтанатты түрде қорытындыланады.




