Алматы облысы қайта құрылған төрт жыл ішінде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің қатарына көтерілді. Осы кезеңде өңір экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, ірі инвестициялық жобалар іске асырылып, әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамыды.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, соңғы төрт жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 6,7 трлн теңгеге жеткен. Нәтижесінде Алматы облысы экономикалық өсім қарқыны бойынша республика өңірлері арасында 10-орыннан 5-орынға көтерілді.

Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, соңғы жылдары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және логистика салалары жаңа даму деңгейіне көтерілген.

«Соңғы төрт жылда облысымызда ауқымды экономикалық өзгерістер жүзеге асты. Біз инвестиция тартуды негізгі басымдықтардың біріне айналдырдық. Өңірде жаңа өндірістер ашылып, мыңдаған жұмыс орны құрылды. Инфрақұрылымдық жобалар тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталды. Білім мен денсаулық саласында да нақты нәтижелер бар. Ең бастысы, біз өңірдің ұзақ мерзімді, тұрақты дамуының негізін қалыптастырып келеміз»,- деді ол.

Облыста 120 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 14 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл тағы 110 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар индустриялық аймақтар саны 3-тен 21-ге дейін ұлғайды. Қазіргі таңда бұл аймақтарда жалпы құны 194 млрд теңге болатын 26 кәсіпорын табысты жұмыс істеуде.

Әлеуметтік салада да ауқымды жұмыстар атқарылды. Төрт жыл ішінде 3,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй кезегінде тұрған 7,7 мың азамат баспаналы болды. Сонымен қатар 48 мектеп, 51 денсаулық сақтау нысаны, 9 мәдениет үйі мен 7 спорт кешені салынды. Үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарып, биыл тағы 9 білім беру мекемесінің құрылысы жоспарланған.

Алматы облысы бүгінде тамақ және фармацевтика өнеркәсібіндегі жетекші өңірлердің біріне айналды. Қазіргі уақытта облыстың 49 кәсіпорны өз өнімдерін әлемнің 60-тан астам еліне экспорттайды.

Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соңғы төрт жылда мұндай технологиялар қолданылатын егіс алқаптарының көлемі төрт есеге өсіп, 86 мың гектарға жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 117 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр.

Туризм саласы да өңір экономикасының маңызды драйверіне айналуда. Соңғы жылдары облысқа келетін туристер саны екі есеге артқан. Өткен жылы Көлсай көлдеріне 600 мыңға жуық турист келіп, жергілікті экономикаға 6 млрд теңге табыс әкелді. Ал «Ойқарағай» тау курортында қысқы маусымда 400 мың адам демалған.

Қонаев қаласында да ауқымды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта алты әкімшілік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Қапшағай су қоймасы жағалауындағы демалыс аймақтары кезең-кезеңімен абаттандырылуда. Өткен жылы облыс орталығына 2 миллионға жуық турист келсе, қалада халықаралық деңгейдегі Marriott қонақүйінің құрылысы басталған.

Қаржылық көрсеткіштер де өңір экономикасының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Алматы облысы жергілікті бюджет түсімдерінің көлемі бойынша республикада бірінші орынға шықты. Өткен жылы өңірде 1 трлн теңгеден астам салық жиналып, республикалық бюджетке тәуелділік деңгейі 33 пайыздан 13 пайызға дейін төмендеді.

Жастарды қолдау бағытында да жаңа бастамалар қолға алынуда. «Алатау дарыны» бағдарламасы аясында бүгінде 57 студент Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Биыл тағы 65 түлекті шетелдік университеттерге жіберу жоспарланған.

Осылайша, қайта құрылғанына төрт жыл толған Алматы облысы инвестиция тарту, өндірісті дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп отыр.