Соңғы уақытта әлеуметтік желілер мен кейбір интернет ресурстарында бала күтімімен отырған аналардың курьер болып қосымша табыс табуына байланысты әлеуметтік төлемдерден айырылуы мүмкін екені жөнінде ақпарат тараған болатын.

Алайда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Министрліктің түсіндіруінше, жұмыс істемейтін және бала тәрбиесімен айналысатын ата-аналарға мемлекет тарапынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін жәрдемақы төленеді. Бұл төлемдер ешқандай қосымша шартсыз тағайындалып, ата-ананың жұмысқа орналасуы немесе қосымша табыс табуы оның тоқтатылуына себеп болмайды.

Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын азаматтарға бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем қарастырылған. Аталған төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді және оның көлемі бала дүниеге келгенге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызы негізінде есептеледі.

Ведомствоның хабарлауынша, қолданыстағы Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес мұндай әлеуметтік төлемдерді тоқтату тек алушының өз еркімен жазбаша өтініш беруі арқылы жүзеге асырылады.

Осыған байланысты министрлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін, блогерлерді және әлеуметтік желідегі парақша әкімшілерін ресми ақпаратты жариялау кезінде мұқият болуға шақырды. Сондай-ақ азаматтарға тек мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелеріне сену ұсынылды.

Егер әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтар туындаса, министрлік нақты ақпарат алу үшін тиісті мемлекеттік органдарға жүгінуге кеңес береді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы қаласында сәбиін көтеріп жүріп курьерлік қызмет атқарған әйелдің суреті әлеуметтік желілерде кеңінен тараған еді. Көпшілік оған қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірген. Кейін министрлік аталған әйелдің жағдайын анықтап, оның отбасы ауыр материалдық қиындық көріп отырмағанын хабарлаған болатын.