Алматы облысының Ұйғыр ауданында бақ шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бүгінде өңірде 542 шаруа қожалығы жеміс өсірумен айналысса, олардың кемінде жартысы өрік ағашын өсіреді, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Аудан бойынша бақтардың жалпы көлемі 4095 гектарды құрайды. Оның ішінде 3193 гектары – өрік бағы, ал 2145 гектары толық өнім беріп тұр. Ұйғыр ауданы бүгінде республикадағы өрік өндірісінің шамамен 62 пайызын қамтамасыз етіп, бұл көрсеткіш бойынша көш бастап келеді.

Биыл көктемдегі ауа райының күрт суытуы мен үсік салдарынан 634,5 гектар немесе жеміс беретін бақтардың шамамен 30 пайызы зардап шекті. Соған қарамастан, қазіргі уақытқа дейін 1098 гектар алқаптан 10 431 тонна өнім жиналды. Оның 75 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 25 пайызы Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға экспортталды.

Соңғы он жылда ауданда 1614 гектар жаңа бақ отырғызылған. Оның басым бөлігін өрік бақтары құрайды. Сонымен қатар халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, Түркиядан әкелінген жоғары өнімді жаңа сұрыптарды жерсіндіру жұмыстары да қолға алынған.

Қазір ауданда «Никитинский», «Краснощекий», «Королевский», «Шалах» сияқты сұрыптар өсіріледі. Ірі өндірушілер қатарында «Шонжы Агро», «Шабдалы», «Eco Park Garden» және «Тиірмен Агро» серіктестіктері бар.

Өңірде дәстүрге айналып келе жатқан «ӨРІК Fest – 2026» фестивалі де биыл екінші рет ұйымдастырылып, жергілікті бағбандардың өнімін насихаттауға және саланың әлеуетін арттыруға үлес қосып отыр.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы өңірдегі өрік шаруашылығының даму барысын баяндады.

«Қазіргі кезде өңірде өрік өсіру тұрақты дамып келеді. Облыста жеміс бақтарының көлемі 10 мың гектарға жуық, оның 46 пайызы өрік алқаптары. Қазіргі таңда әлемде жыл сайын 5 млн тоннаға дейін өрік жемісі өндіріледі, халықаралық сауда шамамен 400 мың тонна деңгейінде, бұл санатта Қазақстан өріктің едәуір көлемін импорттаушы елдер қатарында. Былтыр еліміз 12 мың тонна өрікті Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдеріне импорттаған, оның ішінде Алматы облысы 3 мың тонна өрікті тасымалдаған. Осыған байланысты өңірде өрік шаруашылығын дамыту үшін бірқатар міндеттер тұр», — деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы.