Todayinfo.kz
МәдениетБарлық жазбаларды қарау

Алматы облысында журналистерге пәтер кілттері табысталды

Алматы облысында екі журналист пәтер алды, бірқатар медиа маман мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Авторы Todayinfo редакциясы··3 мин оқу
Алматы облысында журналистерге пәтер кілттері табысталды

Алматы облысында Мемлекет басшысының атынан өңірдегі жағымды жаңалық жаршысы болып жүрген қос бірдей маманға пәтер кілті табысталып, ақпарат саласына саналы ғұмырын арнаған журналистер қауымына мемлекеттік наградалар берілді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Мәртебелі марапаттар мен баспана кілттерін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев табыстап, БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Салтанатты рәсімде «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұңғатар мен «Өлке тынысы» ЖШС-ның баспа қызметіндегі үйлестірушісі Жанат Тоқанова баспана бақытына кенелді.

Сондай-ақ ардагер журналист, «Өлке тынысы» ЖШС басшысының кеңесшісі Кәдірбек Құныпияұлы «Парасат» орденімен, «Еңбекшіқазақ» газетінің тілшісі Игорь Туранин «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Алатау арайы» газетінің жауапты хатшысы Шолпан Нұржауова «Шапағат» медалімен марапатталды. Бірқатар медиа маман «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі», Құрмет грамотасы мен Алғыс хат иегері атанды.

Марат Елеусізұлы марапат алғандар мен жаңа қоныс иелерін құттықтай отырып, бұл БАҚ өкілдерінің ел дамуына, ақпарат кеңістігінің өркендеуіне қосқан елеулі үлесінің айқын көрінісі екенін айтты.

«Сіздер күн сайын ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жедел әрі шынайы жеткізіп, қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстың нығаюына үлкен үлес қосып келесіздер. «Қалам елді түзейді» деп бекер айтылмаса керек. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, табанды еңбектеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз қоғамның дамуына қызмет етіп келеді. Ұлт құндылықтарын дәріптеп жүрген журналистерге халық үлкен үміт артады. Осындай қасиетті де қастерлі істе қаламдарыңыз мұқалмасын!» — деді облыс әкімі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен журналистерге кәсіби мереке қарсаңында Астанадан баспана беріліп жүргенін жақсы білесіздер. Биыл бұл игі бастама өңірлерде жалғасын тапты. Алматы облысы да осы қатарда. Бұл – саналы ғұмырын өңіріміздің тыныс-тіршілігінен хабар таратуға арнап, қажырлы еңбек етіп жүрген журналистерге берілген лайықты құрмет.

Аймақ басшысы журналистер қауымы үшін тағы да жағымды жаңалықты жария етті. Айтуынша, биылдан бастап «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасына «Бұқаралық ақпарат құралдары» санаты қосылды. Енді Алматы облысында жұмыс істейтін журналистер осы бағдарламаға қатыса алады. Одан бөлек, медиа саласының үздіктерін ынталандыру мақсатында өңірімізде жыл сайын «Самғау» медиа сыйлығы ұйымдастырылып келеді. Биыл да жыл соңында «Самғаудың» жеңімпаздары марапатталады. Осы жолы «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» тақырыбында жазылған үздік мақала, телесюжет және бейнероликтерге басымдық беріледі. Сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын кеңінен насихаттауға атсалысқан журналистер де назардан тыс қалмайды.

Кәсіби мереке қарсаңында су жаңа пәтер иесі атанған Қуаныш Тұңғатар баспаналы болу әрбір журналистің, әрбір маманның арманы екенін айтып, сол арманды орындаған Президентке, облыс әкімдігіне алғысын айтты.

«Қазақ журналистикасының жолбарысы атанған Шерхан Мұртазаның «Журналистің арқалағаны алғыс, жегені жантақ» дейтіні бар. Бүгін бұл тәмсілді өзгертуге тура келіп тұрғандай. Өйткені бір жылда 365 күн болса, тілшілер оның 364 күнін өзгенің жырын жырлап, мұңын мұңдап, мүддесін қорғаумен өткізеді. Соның ішінде бір күн, яғни Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнінде барша тілшілер қауымының мерейі тасып, арқаланып қалатыны бар. Алматы облысы Президенттің Жарлығымен екіге бөлініп, облыс орталығы Қонаев қаласына көшірілгеннен бергі төрт жыл уақытта алғаш рет БАҚ өкілдеріне баспана беріліп тұр. Бұл ең алдымен Мемлекет басшысының, одан кейін облыс әкімдігінің нәтижелі жұмысының жемісі», — деді Қуаныш Абайбекұлы.

Халық пен билік арасында алтын көпір болып, ел мүддесін бәрінен биік қойған журналистердің еңбегі әрқашан құрметке лайық.

Ұқсас материалдар