Алматы тұрғындары Розыбакиев көшесін ақын және мемлекет қайраткері Мұхтар Шахановтың құрметіне қайта атауды ұсынды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Петиция авторы Шахановтың есімін қаланың ең ұзын көшелерінің біріне беруді ұсынып отыр. Бұл көшенің ұзындығы 7 шақырымға жуық, ол Бостандық және Алмалы аудандары арқылы өтеді. Петицияда ақынның осы қалада өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқаны атап өтілген.
Сонымен қатар, бастамашылар Абдулла Розыбакиевтің есімін басқа нысанға беру немесе оған мемориалдық тақта орнату арқылы еске алуды ұсынды.
Қалалық ішкі саясат басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бахыт Қалымбет билікке осындай ұсыныстар көптеп келіп түсетінін растады.




