Алматы тауларында бірнеше күн бойы байланысқа шықпаған турист табылды, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі. Оның туыстары ұялы телефоны байланыс аймағынан тыс қалған соң, құтқарушылардан көмек сұраған.
Ер адам 20 мамырда тауға жорыққа шығып, екі күннен кейін оралуы тиіс болған, алайда белгіленген уақытта үйіне келмеген. Оның ұялы телефоны байланыс аймағынан тыс қалған соң, туыстары құтқарушыларға хабарласқан.
Іздестіру жұмыстарына Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің «Барыс» республикалық құтқару отрядының және Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару қызметінің қызметкерлері жедел аттанды. Құтқару тобы шамамен 3200 метр биіктікке көтеріліп, Шымбұлақ шыңына қарай беткейді жаяу тексерді.
Маршрутты тексеру барысында жоғалған турист табылды. Ер адамға медициналық көмек қажет болмады.
Құтқарушылар оны Медеу биік тау мұз айдынына дейін ертіп келіп, туыстарына тапсырды.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында жақындарына маршрутты, болжамды қайту уақытын алдын ала хабарлауды және мүмкіндігінше байланыста болуды ескертті.




