Фото: Todayinfo.kz Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында белгілі ақын, жазушы Мұхтар Шахановпен қоштасу қаралы жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі. Жиынға көптеген жазушы, қоғам қайраткерлері жиналған. Сондай-ақ, көрші елдердің де ақын-жа
Фото: Todayinfo.kz
Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында белгілі ақын, жазушы Мұхтар Шахановпен қоштасу қаралы жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
Жиынға көптеген жазушы, қоғам қайраткерлері жиналған. Сондай-ақ, көрші елдердің де ақын-жазушылары келген.

Театр толы адам, ақынмен қоштасуға келіп жатқан адам қарасы көп. Залда қаралы музыка ойнап тұр. Шахановты ақтық сапарға шығарып салуға зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері, үзеңгі жолдастары келген. Ақынға әнші Димаш Құдайберген де келіп, тағзым етті.

Айта кетсек, Мұхтар Шахановпен қоштасу қаралы жиынына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды сөз сөйлейді деп күтілуде.

Еске сала кетейік, 19 сәуір күні қазақтың көрнекті ақыны, жазушы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды.
Мұхтар Шаханов – тек қазақ әдебиетінің ғана емес, сонымен бірге ұлттық рухтың символына айналған тұлға. Ол өзінің шығармаларында қоғамдағы өзекті мәселелерді, әсіресе Желтоқсан оқиғасының шындығын батыл көтерген қаламгер ретінде тарихта қалды.

Мұхтар Шаханов – шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген біртуар тұлғалардың бірі еді.
Оның өлең әлеміне өрісті өрнек, жаңаша тыныс әкеліп, қазақ поэзиясының дамуына өзіндік жаңалық, тереңдік дарытқан шығармалары руханиятымыздың құнды қазынасына айналды.
Қоғамдағы күрделі мәселелерге үн қосып, ел мен жер тағдырына қатысты ойлы да отты пікір айтып, өзіне ғана тән азаматтық биік ұстанымның үлгісін көрсетті.

Мұхтар Шахановтың қайсар мінезі, өр рухы, әділет жолындағы табандылығы мен елдік мүдде алдындағы адалдығы жұрт жадында мәңгі сақталады.
Мұхтар Шаханов — қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар тұлға. Ол өз ғұмырын шығармашылыққа, ұлт руханиятына арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. Шығармалары әлемнің 50-ден астам тілінде жарық көрді.