Түркістан облысында Қытай Халық Республикасының азаматына қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасалды деген күдікпен қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілерде күдікті ретінде Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың аты аталып жатыр.

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке қарағанда, Алматы тұрғыны Бәйдібек ауданындағы Байжансай ауылына Қытайдан келген инвесторлар делегациясын алып келген. Ақпаратқа қарағанда, депутат делегацияны қарсы алып, 34 жастағы Қытай азаматшасын өзінің Lexus автокөлігіне отырғызып, елсіз жерге апарып, оған қатысты күш қолданған.

Түркістан облыстық полиция департаменті депутатқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

– Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті – Шымкент тұрғыны анықталып, қамауға алынды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу құпиясына байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Айта кетейік, бұл – Ерғали Аманбаевтың аты аталған алғашқы жанжал емес. 2025 жылы Бәйдібек аудандық мәслихатының депутаты жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен төрт тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бір жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.

Полиция мәліметінше, ол жалған мемлекеттік нөмір таққан Lexus LX 570 көлігін басқарған, қарсы жолаққа шыққан, міндетті сақтандырусыз және қауіпсіздік белдігін тақпай көлік жүргізген, сондай-ақ тыйым салынған жерде кері жүрген.

Осы оқиғадан кейін Amanat партиясы депутатқа сөгіс жариялаған. Ал аумақтық сайлау комиссиясының өтінішіне қарамастан, аудандық мәслихат жол қозғалысы ережелерін бұзу депутаттық әдеп нормаларын бұзу болып саналмайды деген шешім қабылдап, оған тек этикалық талаптарды сақтау жөнінде ескерту жасаумен шектелген.