Todayinfo.kz
Ақпарат комитетіБарлық жазбаларды қарау

Инновациялық жобалар: Алматы облысында құны 123 миллиард теңгеден асатын 35 инвестициялық жоба пайдалануға берілді

Қазір өңірдегі 49 өндіріс орны әлемнің 61 мемлекетіне өз өнімдерін экспорттайды

Авторы Айдар Керім··3 мин оқу
Инновациялық жобалар: Алматы облысында құны 123 миллиард теңгеден асатын 35 инвестициялық жоба пайдалануға берілді
📷 Фото: Алматы облысы

Мемлекеттің дамуы тікелей өндіріс орындарын ашып, инновациялық жобаларды жүзеге асырумен байланысты. Осы тұрғыда Todayinfo.kz тілшісі Алматы облысындағы жұмыстар жайлы зерттеп көрді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Алматы облысы еліміздегі өндіріс пен инвестиция көлемі тұрақты өсіп келе жатқан өңірлердің біріне айналып келеді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосылған жаңа жобалар өңір экономикасының серпінін күшейтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері өңірде жалпы құны 123 миллиард теңгеден асатын 35 инвестициялық жоба пайдалануға берілді. Бұл жобалар негізінен өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіп кешеніне тиесілі.

Соңғы жылдары Алматы облысында дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейтуге басымдық беріліп келеді. Соның нәтижесінде жеміс-жидек пен көкөністі терең өңдейтін кәсіпорындар іске қосылып, табиғи шырын концентраттары мен жеміс пюресін өндіру жолға қойылды. Сонымен қатар құс шаруашылығы кеңейіп, құрылысқа қажетті газоблок, кірпіш, полимер және қаптама өнімдерін шығаратын жаңа зауыттар жұмысын бастады.

Жаңа өндірістердің ашылуы өңірдегі еңбек нарығына да оң әсерін тигізді. Қазірдің өзінде іске қосылған жобалар аясында 2 732 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткіш бірнеше есе өседі деген жоспар бар.

«Биыл облыста жалпы құны 765,7 миллиард теңгені құрайтын 112 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұл бастамалардың нәтижесінде 11 980 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде өнеркәсіп және агроөнеркәсіп салаларында ғана алты мыңнан астам азамат еңбекпен қамтылмақ. Алматы облысына халықаралық деңгейдегі ірі инвесторлардың қызығушылығы да артып келеді. Қазіргі таңда әлемге танымал Carlsberg Kazakhstan компаниясы сусын өндіретін кәсіпорын ашу жобасын жүзеге асыруда. Сондай-ақ PepsiCo Central Asia азық-түлік өндірісін дамытуға инвестиция құйып жатыр. Бұған қоса Prima Kus құс фабрикасының өндірістік қуатын ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге өңірде логистикалық орталықтар мен заманауи қойма кешендерінің құрылысы жалғасып жатыр», - делінген басқарма берген жауапта.

Өңдеу өнеркәсібі бүгінде Алматы облысы экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналды. Қазіргі уақытта облыста өндірілетін өнеркәсіп өнімдерінің шамамен 79 пайызы дәл осы салаға тиесілі. Биылғы алғашқы алты айдың қорытындысы бойынша жалпы өнеркәсіп өндірісі 17,9 пайызға өссе, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 19,1 пайызға жеткен.

Бүгінде өңір табиғи шырындар, алкогольсіз сусындар, балмұздақ, темекі өнімдері және бірқатар құрылыс материалдарын өндіру бойынша республикадағы жетекші аймақтардың қатарында.

Өнеркәсіпті қолдау мақсатында мемлекет кәсіпкерлерге жан-жақты жағдай жасап келеді. Инвесторларға инженерлік инфрақұрылым тарту, жер телімдерін беру, индустриялық аймақтарға орналастыру, салықтық және инвестициялық жеңілдіктер ұсыну, жеңілдетілген қаржыландыру, пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау, өндірісті жаңғырту мен цифрландыру шығындарын өтеу сияқты қолдау тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар әрбір инвестициялық жоба жергілікті атқарушы органдардың сүйемелдеуімен жүзеге асырылады.

Алматы облысының кәсіпорындары бүгінде сыртқы нарықта да белсенді жұмыс істеуде. Қазір өңірдегі 49 өндіріс орны әлемнің 61 мемлекетіне өз өнімдерін экспорттайды. Экспорт құрылымында азық-түлік, сусындар, темекі өнімдері, жеміс-көкөніс өнімдері, құрылыс материалдары, химия өнеркәсібі, металл және қағаз өнімдері басым. Өнімдер негізінен Ресей, Қытай, Орталық Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне жеткізіледі.

Заманауи өндірістің тағы бір ерекшелігі – цифрлық технологиялардың кеңінен енгізілуі. Облыс кәсіпорындары өндірістік желілерді автоматтандырып, ERP және MES басқару жүйелерін, интеллектуалды сапа бақылау құралдарын, өндірістік роботтарды, жасанды интеллект элементтерін және цифрлық агротехнологияларды кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып қана қоймай, өнімнің сапасын жақсартуға және халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті күшейтуге мүмкіндік береді.

Жыл соңына дейін Алматы облысы 112 инвестициялық жобаны толық іске асырып, 765,7 миллиард теңге инвестиция тартуды, жаңа экспортқа бағытталған өндірістерді ашуды, индустриялық аймақтардың әлеуетін арттыруды және өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсімін сақтауды көздеп отыр.

Басқарма мамандарының пікірінше, өңдеу өнеркәсібіне негізделген мұндай жобалар өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып қана қоймай, халықтың әл-ауқатын арттыруға, жаңа технологиялардың енгізілуіне және Қазақстанның өндірістік әлеуетін күшейтуге де елеулі үлес қоспақ.

Ұқсас материалдар