Семейде әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірді деген күдікпен күйеуі қамауға алынды. Қара жамылған отбасының айтуынша, 52 жастағы келіншекке жолдасы тұтқиялдан келіп, қатты таяқпен 28 рет соққы жасаған. Жұбайының “кетемін” дегеніне көнбей, осындай әрекетке барған екен, деп хабарлайды Todayinfo.kz ақпарат агенттігі.
52 жастағы Айжан Баяхметова күйеуі ұзақ жылдан бері күн көрсетпеген көрінеді. Ішімдікке сылқия тойып алып, мазасын жиі алғанын айтады.
“Битамен басынан ұрды. Сосын қабырғасын, саусақтарын сындырды. Қолдың екі-үш жерінен де ұрып, жамбасын сындырды. Арқасының бәрі көкпеңкөк. 27-28 рет соққы жасады”, – деді марқұмның туысы Жанна Нұрғазина.
Отбасы сәуір айында ерлі-зайыпты екі жаққа бейбіт түрде кетуге келіскенін жеткізді. Арада алты күн өткенде, азамат үйге келіп жанжал шығарып, әйелі мен балаларының киімдері мен құжаттарын өртеп жібергенін айтады. Жұбайының қыр соңынан қалмаған. Әйелдің жұмыстан шыққанын күтіп, қанды қылмысқа барған.
“Соттың әділ өтуін талап етеміз. Өйткені мұнда бір баппен емес, бірнеше баппен қозғау керек. Менің апайымның артынан аңдыды, соқты, біз оны уже артынан біле бастадық. Сталкинг жасалды, қорлық жасалды. Соңына дейін әйтеуір артынан жүріп өлтірді. Ең ауыр жаза талап етеміз!”, – деді туысы.
Оқиға орнына қашып кеткен күдікті көп ұзамай ұсталып, қамауға алыныпты. Бұл оқиға кәмелет жасына толмаған екі балаға ауыр соққы болды. 12 жастағы қыз анасы қаза тапқаннан кейін тұтығып сөйлей бастаса, 16 жастағы ұлға жеңіл дәрежедегі ақыл-ой кемістігі диагнозы қойылыпты.
"Адам өлтіру" бабы бойынша қозғалған қылмыстық істің тергеуі толық аяқталған. Бұл іс ертеңнен бастап сотта қаралады.




