Todayinfo.kz
ЖаңалықтарБарлық жазбаларды қарау

Алматыда FIFA кубогы көрсетілді: Оны тек чемпиондар ғана ұстай алады

Алматыда футболдан әлем чемпионатының басты кубогы көпшілік назарына ұсынылды. Аты аңызға айналған жүлдені қалаға әлем чемпионы Марко Матерацци алып келді.

Авторы Мұхтар Жексенбай··1 мин оқу
Алматыда FIFA кубогы көрсетілді: Оны тек чемпиондар ғана ұстай алады

Алматыда мыңдаған жанкүйер футболдан әлем чемпионатының басты жүлдесі – FIFA кубогын өз көзімен көрді. Аты аңызға айналған кубокты қалаға әлем чемпионы, италиялық футболшы Марко Матераццидің өзі алып келді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.

Атышулы кубок қатаң күзетпен Республика сарайына жеткізілді. Оны FIFA делегациясымен бірге Алматы әкімдігі мен Қазақстан футбол федерациясының өкілдері, сондай-ақ демеуші компаниялардың басшылары қарсы алды. Іс-шараға 3500-ден астам футбол жанкүйері жиналып, тарихи сәтті тамашалады.

Таза алтыннан құйылған, салмағы 6,1 келіден асатын кубок – әлемдегі ең қымбат спорттық жүлделердің бірі. Дәстүр бойынша оны тек әлем чемпиондары мен мемлекет басшылары ғана ұстай алады. Қала тұрғындары мен қонақтары бағалы жәдігермен естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.

"Coca-Cola жай ғана сусын емес, ол – футбол сияқты адамдарды біріктіретін қуаныш символы. Біз осы тарихи сәтті қазақстандық жанкүйерлермен бөліскенімізге қуаныштымыз", - деді «Кока-Кола Қазақстан» компаниясының бас директоры Серкан Дилек.

Алматы қаласы әкімдігі бұл оқиғаның жастарды спортқа тартудағы маңызы зор екенін атап өтті.

"FIFA кубогы мен футбол аңызын Алматыда қарсы алу – қаламыз үшін үлкен мәртебе. Бұл оқиға жастарға шабыт беріп, спорттың адамдарды біріктіретін ұлы күш екенін дәлелдейді", - деп хабарлады қала әкімдігінің өкілдері.

Бұл жаһандық тур 2026 жылғы әлем чемпионаты қарсаңында ұйымдастырылып отыр және әлемнің 75 қаласын қамтиды. Алматыдан кейін бағалы жүлде халықаралық сапарын жалғастырады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Ұқсас материалдар