Алматы қаласында бір тәулік ішінде айлық жауын-шашын нормасының жартысынан астамы түсіп, рекордты көрсеткішке жетті, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Ұзаққа созылған жауынға байланысты коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.
Әкімдіктің мәліметінше, 10 мамыр сағат 11:00-ден 11 мамыр сағат 20:00-ге дейін Алматыда 50,4 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл мамыр айының 99 миллиметрлік айлық нормасының 51 пайызын құрайды.
«Қалалық қызметтер жергілікті су басулардың алдын алу және оларды жою жұмыстарын жалғастыруда. Алматы қаласының Құтқару қызметінің қызметкерлері қосымша кезекшілік атқаруда», — делінген әкімдік хабарламасында.
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің деректері бойынша, жауын-шашын жақын арада тоқтамайды. Синоптиктер алдағы күндері де жаңбырдың жалғасатынын болжап отыр.




