Алматы қаласындағы №177 мектеп-гимназиясында көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақылбекова Шолпан заманауи шығармашылық бағыттардың бірі — «Түтінмен сурет салу» техникасы бойынша тәжірибелік семинар өткізді. Іс-шара барысында ұстаз авторлық әдісін таныстырып, аталған техниканың ерекшеліктері мен орындау жолдарын көрсетті.

Маманның айтуынша, түтін техникасы бейнелеу өнеріндегі ерекше әрі әсерлі бағыттардың бірі саналады. Бұл әдіс арқылы суретке жұмсақ реңк, тереңдік пен ерекше атмосфера беруге болады. Бояу мен көлеңкені үйлестіру арқылы түтін секілді жеңіл көрініс қалыптасады. Уақыт өте сирек қолданылып кеткен тәсілді педагог қазіргі заманға сай жаңғыртып, жаңа шығармашылық бағытта дамытып келеді.

Семинар барысында Алматы қаласының педагогтарына түтін техникасының кезең-кезеңімен орындалу әдістері таныстырылды. Сонымен қатар, материалдарды тиімді пайдалану жолдары, композициялық шешімдер мен заманауи көркемдік ерекшеліктері де көрсетілді. Қатысушылар тәжірибелік жұмыс жасап, техниканың мүмкіндіктерімен жақынырақ танысты.

Іс-шарада қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, бояу және материалдармен жұмыс кезінде бөлмені желдетіп отыру, арнайы қорғаныш құралдарын пайдалану, тазалық сақтау және құралдарды ұқыпты қолдану талаптары түсіндірілді.

Ұстаздың пікірінше, бұл әдістің негізгі мақсаты оқушылар мен педагогтардың шығармашылық қабілетін дамыту, қиялын кеңейту және бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, түтін техникасы оқушыларды ұқыптылыққа, эстетикалық талғамға баулып, сабырлылық пен шыдамдылық қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Мамандардың айтуынша, мұндай заманауи әрі авторлық бағыттағы шығармашылық әдістер білім беру саласында өнерге қызығушылықты арттырып, оқушылардың тың идеялар арқылы өзін-өзі дамытуына мүмкіндік береді