Алматыда жол жөндеу жұмыстары мен Наурыз мейрамын тойлауға байланысты үш қоғамдық көлік бағытының қозғалыс сызбасы уақытша өзгерді, деп хабарлайды Todayinfo ақпарат агенттігі.
Бірінші өзгеріс Жароков көшесіндегі жөндеу жұмыстарына қатысты. 26 наурыздан бастап жылу желілерін қайта жаңарту және асфальт төсеу үшін Ходжанов көшесінен Дунаевский көшесіне дейінгі аралықта реверсивті қозғалыс енгізілді. Осыған байланысты №19 және №56 автобустары оңтүстік бағытта осы реверсивті жолақпен жүреді. Ал кері қарай қозғалыс бұрынғы сызба бойынша сақталады.
Екінші өзгеріс Наурыз мейрамын мерекелеу шараларына байланысты болды. №236 бағытының қозғалыс сызбасы жаңартылып, енді автобус Алматы көшесімен қатынайтын болды.
Бұл бағыт бұдан былай Уәлиханов, Бейсеуов және Ниязбеков көшелерінің бойымен (екі бағытта да) жүрмейді. Жолаушыларға жол жүру кезінде осы өзгерістерді ескеруге кеңес беріледі.
Фото: Әлеуметтік желіден




