Алматыдағы Қастеев музейінде «Таңбалы: Бабалар коды» көрмесі өтеді. Ежелгі петроглифтер жасанды интеллект көмегімен қайта жаңғыртылды.
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде ежелгі тасқа қашалған суреттер заманауи технологиялар арқылы қайта жаңғырады. 2 сәуірде ашылатын «Таңбалы: Бабалар коды» халықаралық көрмесі көрермендерге ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген петроглифтерді жаңа қырынан таныстырмақ, деп хабарлайды
Todayinfo ақпарат агенттігі.

Бұл – «Таңбалы» музей-қорығы мен танымал фотосуретші Владислав Кимнің бірлескен жобасы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің басты мақсаты – көне мұраны цифрлық технологиялар тілімен сөйлетіп, оны қазіргі аудиторияға түсінікті әрі қызықты ету.
Экспозицияның негізгі идеясы – Таңбалы петроглифтерін жай ғана сурет емес, «бабалар коды» ретінде ұсыну. Бұл таңбалар – ежелгі адамдардың дүниетанымын, мифологиясын және ғарыш туралы білімін жеткізетін символдық тіл.

Көрмеге келушілер жартас суреттерінің фотокартиналарын, петроглифтер негізінде жасалған ерекше арт-объектілерді тамашалай алады. Сонымен қатар, экспозицияның басты ерекшелігі – жасанды интеллект (ЖИ) қолданылған иммерсивті мультимедиялық технологиялар. Осының арқасында әрбір көрермен ежелгі киелі кеңістіктің атмосферасын сезініп, тастағы тарихпен тілдескендей әсер алады.
Көрме аясында «Жартас суреттерін витринасыз ұсыну» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция да өтеді. Оған ЮНЕСКО өкілдері, шетелдік және отандық ғалымдар, археологтар мен музей саласының мамандары қатысады деп жоспарланған.
Фото: Әлеуметтік желіден